27.04.2009, 16:02 3572

Қазақстан парламенті Қазақстан, Ресей және Түрікменстан үкіметтері арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады.

Астана. 27 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімге Мәскеу қаласында 2007 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылды.

Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің қорытындысына сәйкес, келісімнің мақсаты Каспий жағалауы газ құбырын салу жобасына қатысушы уәкілетті органдар мен олар жұмысқа тартатын мердігерлер үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі бірлескен міндеттемелерді қабылдау жолымен қатысушы елдердің аумақтары бойынша табиғи газдың ұлғайып келе жатқан көлемінің сенімді тасымалдануын қамтамасыз етуге бағытталған тараптар мемлекеттерінің газ саласындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту болып табылады.

Сонымен бірге, келісімнің ережелері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелерді белгілейді.

Мәселен, келісімнің 7-бабына сәйкес мемлекетінің аумағында Каспий жағалауы газ құбырының тиісті учаскелері орналасқан қандай да бір тарап мемлекетінің заңнамасына жобаға қатысушы уәкілетті органдар мен мердігерлерге салық салу шарттарының нашарлауына әкеп соғатын өзгерістер енгізілген жағдайларда, Жобаға қатысушы уәкілетті ұйымдар мен мердігерлерге салық салу реконструкциялауға, құрылысқа және пайдалануға қатысу кезеңінде жобаның өзін-өзі өтеу мерзіміне жеткенге дейін сол тарап мемлекетінің келісімге қол қойылған күнге қолданыста болған заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Салық кодексі 2-бабының 3-тармағында салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер осы кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда белгіленеді, өзгертіледі немесе күшін жояды деп көзделген.

Келісімнің 5-бабында Каспий жағалауы газ құбыры арқылы тасымалданатын қазақстандық газды қабылдау-беру орны болып Ресей Федерациясының аумағында орналасқан "Александров Гай" газ өлшеу станциясы; Қазақстанның кеден аумағы арқылы тасымалданатын түрікмен газын - Түрікменстан аумағында орналасқан "Қарабұғаз" газ өлшеу станциясы айқындалған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кеден кодексі 6-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы кедендік аумағының шектері, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады.

Осы кодекстің 55-бабының 4-тармағына сәйкес құбыр жолдары көлігімен және электр беру желілері бойынша тасымалданатын тауарлар үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу пункттері уәкілетті органмен келісілген коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылған жер болып табылады.

Келісімді ратификациялау елдің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыру үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл Қазақстан экономикасының дамуына және бюджетке түсімдердің артуына септігін тигізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны