18.05.2011, 16:01 3209

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты әріптестеріне өздерін-өздері таратуды ұсынды

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, ол бұл ұсынысын бүгін, 18 мамыр күні Мәжілістің жалпы отырысында айтқан.

Астана. 18 - мамыр. Kazakhstan Today - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев әріптестерін Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге шақырып, егер бұл іс қолдарынан келмесе өздерін-өздері таратуды ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, ол бұл ұсынысын бүгін, 18 мамыр күні Мәжілістің жалпы отырысында айтқан.

И. Елекеев өз сөзінде мәселе бюджеттен миллиардтаған доллар қаржының жымқырылып жатқанына қатысты болған жағдайда дәп парламентшілер "өрт сөндіруші команда" болуы тиістігін атап көрсетті. "Біз, мәселе қордаланған проблемаларға және мыңдаған әрі миллиондаған сайлаушыларымыздың заңды құқықтарына, жүйелі жемқорлыққа және шенеуніктердің әрекетсіздігіне қатысты болған кезде "өрт сөндіруші команда" болуға тиіспіз", - деді ол. Осы орайда Қазақстанның кеден жүйесінде әрекет етіп келген қылмыстық топтың ауыздықталғанын еске салған депутат, сыбайлас жемқорлыққа қатысты барлық маңызды мәселелер Парламент қабырғасында талқылануы тиістігін атап көрсетті. "Дәл Парламентте қоғамдық пікір туындайды. Біз заң жобаларын қарастыратын жалпы отырыстармен ғана шектеліп қалмай, маңызды қоғамдық қарым-қатынастарды кеңінен талқылауымыз керек", - деді И. Елекеев.

Осы орайда қоғамда орын алған кейбір сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстарға тоқталған депутат, қоғамның жегі құртына айналған бұндай істермен күресте парламентшілер қол қусырып қарап отырмай, сайлаушылардың құқықтарын қорғауы тиістігін, қылмыстық синдикаттар қызметінің алдын-алу үшін құқық қорғау органдырына көмектесулері тиістігін айтты. "Біз Мемлекет басшысының көмекшісі болуға, Елбасына жемқорлықпен күрес бойынша міндеттерді шешуде көмектесуге тиіспіз. Және әрбір мемлекеттік орган сөз жүзінде емес, іс жүзінде жемқорлықпен күресте нақты жұмысты жүргізуі тиіс", - деді ол.

"Егер де бұған қабілетсіз болсақ, онда кәнеки, тарайық", - деді И. Елекеев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны