13.04.2016, 20:38 4334

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президентi Режеп Тайип Ердоғанныӊ ислам әлеміндегі татуласу жөніндегі бірлескен декларациясы

Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады

Астана. 13 сәуір. Kazakhstan Today - Бұл Декларация екі ел көшбасшылары келіссөздерініӊ қорытындысы бойынша қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мемлекеттер басшылары құжатта халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Р.Ердоған Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерді мемлекетаралық қатынастарда және қақтығыстар мен дауларды реттеу мәселелерінде ізгі ниет пен ерік-жігер таныту және сындарлы қадам жасау арқылы ислам әлеміндегі қарым-қатынастыӊ жаӊа парадигмасын қалыптастыруға шақырды.

***

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫӉ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ
ПЕН ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫӉ ПРЕЗИДЕНТI РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАННЫӉ
ИСЛАМ ИЛЕМІНДЕГІ ТАТУЛАСУ ЖӨНІНДЕГІ БІРЛЕСКЕН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Республикасыныӊ Президенті Режеп Тайип Ердоған 2016 жылғы 14-15 сәуір аралығында Ыстанбұл қаласында өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымыныӊ 13-ші Ислам саммиті конференциясы қарсаӊында өткен Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ Түркия Республикасына 2016 жылғы 13 сәуірдегі жұмыс сапары аясындағы екіжақты келіссөздердіӊ қорытындысы бойынша,

2009 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

барлық саяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілерді қамтитын жан-жақты әріптестікті, сондай-ақ ортақ тарихи және мәдени байланыстардыӊ негізінде қалыптасқан Қазақстан мен Түркия халықтары және азаматтық қоғамдары арасындағы тығыз қарым-қатынастарды ілгерілету мақсатын көздей отырып,

Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маӊызды рөл атқаратын жоғары деӊгейдегі өзара сапарлар мен саяси консультацияларды ұдайы өткізуге және қолдауға бейілділік таныта отырып,

халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекеттер арасындағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысыныӊ және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Жарғысыныӊ мақсаттары мен қағидаттарына бейілділігін растай отырып,

жаһандық қауіп-қатерлерге, экономикалық проблемаларға, конфессиялар мен өркениеттер арасындағы қарама-қайшылықтарға, лаӊкестік пен ұйымдасқан қылмыс қатерлерініӊ теӊдессіз дәрежеде өсуіне, сондай-ақ миграция, кедейшілік проблемаларына қарсы тұрудағы бірлескен іс-әрекеттердіӊ қажеттілігін түсіне отырып,

халықаралық қатынастардыӊ шапшаӊ трансформациясыныӊ эпицентрінде қалып отырған ислам әлемініӊ шиеленістерге толы мемлекетаралық қатынастардыӊ нашарлауы, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық деӊгейініӊ төмендеуі секілді проблемалар орын алған кезеӊді басынан кешіріп жатқанын мойындай отырып,

ислам үмбетініӊ тұтастығына қауіп төндіретін және ислам бірлігіне зиян келтіретін бірқатар жетекші мұсылман елдері арасындағы текетірестердіӊ күшейіп келе жатқанына алаӊдаушылық білдіре отырып,

шешімін таппаған тарихи проблемалар, тұрақсыздық, лаӊкестікке қарсы күрес мұсылман елдерініӊ даму мақсаттарына жұмсауға болатын орасан зор ресурстарын зая кетіріп жатқанын атай отырып,

әр мемлекеттіӊ кез-келген басқа мемлекеттіӊ ішкі істеріне араласпау жөніндегі міндеттемесі халықтардыӊ өзара бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етудіӊ маӊызды шарты болып табылатынына кәміл сене отырып,

барлық мемлекеттер үшін халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және әділеттілікке қауіп төндірмей, өздерініӊ шиеленістерін Біріккен Ұлттар Ұйымыныӊ Жарғысына сәйкес бейбіт жолмен шешу ортақ маӊыздылыққа ие екендігін ескере отырып,

әлем халықтарыныӊ бейбіт және гүлденген болашағы үшін өз жауапкершілігін сезіне отырып және мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды ілгерілету, олардыӊ қауіпсіз және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге ниетін басшылыққа ала отырып,

халықаралық қатынастардағы төзімділіктіӊ маӊыздылығын, өзара түсіністікке жетудіӊ, бейбітшілікке төнетін қатерлерді жоюдыӊ және ынтымақтастықты нығайтудыӊ құралы ретіндегі диалогтыӊ елеулі рөлін атай отырып,

ислам әлемініӊ түрлі өӊірлерінде орын алып отырған саяси, экономикалық және гуманитарлық проблемалар аясында Түркия Республикасыныӊ Ыстанбұл қаласында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы 13-ші Ислам саммиті конференциясы өткізілуініӊ маӊыздылығын атай отырып,

13-ші Ислам саммиті конференциясыныӊ "Иділеттілік пен бейбітшілік бірлік пен ынтымақтастық үшін" тақырыбын назарға ала отырып,

төмендегiдей уағдаластықтарға қол жеткізді:

1. Мемлекеттер шекараларыныӊ мызғымастығы, аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу, басқа мемлекеттердіӊ ішкі істеріне араласпау, мемлекетаралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымыныӊ және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымыныӊ басты қағидаттарын растаймыз.

2. Ислам бірлігі рухына беріктігімізді тағы да растаймыз және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді мемлекетаралық қатынастарда және өзара қақтығыстар мен дауларды шешу жолында ізгілік пен сындарлы ұстаным таныту арқылы ислам әлеміндегі қатынастардыӊ жаӊа парадигмасын қалыптастыруға шақырамыз.

3. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді еӊ алдымен ортақ құндылықтар мен мүдделерге басты назар аудара отырып, ислам әлеміндегі мемлекетаралық проблемаларға ревизия жасау үдерісін бастауға шақырамыз.

4. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді Ислам әлеміндегі татуласу үдерісін қолдауға және оны таяу жылдардағы ислам үмбетініӊ жаӊа саяси тұғырнамасы ретінде қарастыруға шақырамыз.

5. Біріккен Ұлттар Ұйымыныӊ және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымыныӊ халықаралық қақтығыстардыӊ алдын алудағы және оларды бейбіт жолдармен шешудегі жетекші рөлін, сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымыныӊ ислам әлеміндегі татуласу үдерісін ілгерілетудегі басқа халықаралық және өӊірлік ұйымдармен ынтымақтастығын қолдаймыз.

6. Ислам әлеміндегі татуласу үдерісін ілгерілету міндетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жүктеуді ұсынамыз және бастаманыӊ мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ұсыныстарды дайындау мақсатымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысынан осы саладағы жағдайға тереӊ талдау жасауды сұраймыз.

7. Ислам әлеміндегі татуласу тақырыбын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеӊесініӊ және Мемлекет пен үкімет басшылары саммиттері отырыстарыныӊ күн тәртібіндегі тұрақты мәселесі ретінде бекітуді ұсынамыз.

8. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттерді халықаралық қатынастардағы шиеленісті бәсеӊдету үшін нақты қадамдар жасау және қордаланған проблемаларды түрлі консультация тетіктерін қалыптастыру жолымен шешу, дипломатиялық миссиялардыӊ, парламентаралық диалогтардыӊ, үкіметтік емес ұйымдардыӊ әлеуетін қолдану арқылы ислам әлеміндегі татуласу бастамасын нақты іс жүзіне асыру үшін үлес қосуға шақырамыз.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны