19.05.2008, 16:36 3745

Қазақстан президенті Таяу Шығыс жөніндегі Дүниежүзілік Экономикалық Форумның жұмысына қатысуда

Қазақстан президенті Таяу Шығыс жөніндегі Дүниежүзілік Экономикалық Форумның жұмысына қатысуда

Астана. 19 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мысырдың Шарм әл-Шейх қаласында өтіп жатқан Таяу Шығыс жөніндегі Дүниежүзілік Экономикалық Форумның жұмысына қатысуда, деп хабарладйы агенттік президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таяу Шығыс жөніндегі Дүниежүзілік Экономикалық Форум жұмысына 15 мемлекеттің басшылары мен үкімет мүшелері қатысуда, олардың қатарында Египет президенті Хосни Мүбәрак, АҚШ президенті Джордж Буш, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ауғанстан президенті Хамид Карзай, Иордания Королі Абдалла ІІ бен Хусейн бен Талал бар.

Илемнің 60 елінен жиналған 1,5 мың қатысушының қатарында ірі бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері, Таяу Шығыстағы "төрттіктің" (БҰҰ, ЕО, АҚШ және РФ) арнаулы өкілі Тони Блэр, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры (МАГАТЭ) Мұхаммед әл-Барадей, Илемдік банк президенті Роберт Зеллик қатысып отыр.

Форум тақырыбы аса өзекті - "Болашақтан үйрен". Кездесуге қатысушылар әлемдегі саяси тұрғыдан алғанда өте сезімтал өңірдің бірінің экономикалық даму үрдісін қарастырды.

Форумға қатысушылар саяси мәселелермен қатар (израиль-палестина шиеленісін реттеу), сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысын жеңудің, мұнай қорларын тиімді пайдаланудың, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарын жетілдіруге бағытталған экономикалық тақырыптарды да талқылады.

Форум аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі қазақстандық кеш болды, оған Таяу Шығыс жөніндегі БЭФ-ке қатысушылардың көпшілігі қатысты.

Қазақстандық кеш басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік Экономикалық Форумның төрағасы Клаус Швабпен кездесу өткізді.

Форумды ұйымдастырушылар Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшыға айналғанын атап көрсетті. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім тәуелсіздік жылдарында 10 есеге артты. Мемлекет саяси реформаларды да табысты іске асыруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешке жиналған қонақтар алдында сөйлеген сөзінде Форумның құндылығы - оның қазіргі заманғы күрделі қатерлерге барабар жауап қайтару үшін аймақтың қуатты саяси, іскерлік және интеллектуалдық әлеуетін топтастыруы екендігін атап айтты.

Қазақстан мен Таяу Шығыс елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық тақырыбына қатысты Нұрсұлтан Назарбаев араб әлемінің бизнес өкілдері ел экономикасының шикізаттық емес секторындағы инвестициялық тартымдылықты алғашқылардың бірі болып бағалағанын атап өтті.

Қазақстанның Біріккен Араб Имірліктеріндегі, Бахрейндегі, Катар мен Иорданиядағы әріптестері жалпы құны 30 миллиард долларды құрайтын бірқатар экономикалық жобаларды жүзеге асыруға кірісуде. Аталған жобалар қатарында Қазақстандағы жаңа серіктес қала - "Ақтау-Сити", Каспий өңіріндегі тұңғыш Энергетикалық Хаб, Каспий жағалауындағы "Кендірлі" туристік аймағын дамыту жобалары бар.

Қазақстан екі ірі тікелей инвестициялар қорын іске қоспақ, олардың бірі Біріккен Араб Имірліктеріндегі әріптестерімен, екіншісі - Бахрейндегі әріптестермен бірігіп құрылмақ.

"Менің осы Форумға қатысуым және бүгінгі кеш - Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен шынайы достық қарым-қатынасының айқын дәлелі және біздің ең тығыз ынтымақтастық пен өзара іс-қимылға деген ортақ ұмтылысымыздың көрсеткіші", - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Таяу Шығыс елдерін экономикалық, саяси және мәдени тұрғыдағы перспективалы әріптесі ретінде қабылдайды. Республика өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жақсы қарым-қатынасын орнықтырды.

"Біз күш-жігерімізді біріктірген жағдайда ғана тиісті нәтижелерге қол жеткіземіз. Бізде оған қажетті барлық алғышарттар мен жағдайлар жасалған, ең бастысы, ерік-жігер қалыптасқан", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны