26.01.2009, 18:41 3561

Қазақстан президенті Үндістанның ұлттық мерекесі - Республика күніне орай Делиде өткен салтанатты рәсімге қатысты

Қазақстан президенті Үндістанның ұлттық мерекесі - Республика күніне орай Делиде өткен салтанатты рәсімге қатысты

Астана. 26 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның ұлттық мерекесі - Республика күніне орай Делиде өткен салтанатты рәсімге қатысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үндістан бұл мерекені осымен 60-шы рет атап өтуде. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған салтанатқа Құрметті қонақ ретінде қатысушы он екінші шет мемлекеттің басшысы болып отыр. Елбасының құрметіне 21 дүркін артиллериялық салют атылды.

Республика күніне арналған тұңғыш парад 1950 жылдың 26 қаңтарында, яғни Үндістан республикалық басқару формасын орнататын конституцияны бекіткен кезде өткен. Бүгінде бұл жарқын мерекені тамашалауға елдің түпкір-түпкірінен келген жүздеген мың көрермен мен көптеген шетелдік туристер "Раштрапати Бхаван" президенттік сарайынан ұрыс даласында опат болған жауынгерлерге орнатылған "Үндістан қақпасы" мемориалына дейінгі аралықтағы Нью-Делидің орталық көшесі - Раджпатх даңғылына жиналды.

Салтанатты рәсім Үндістан Қарулы күштерінің құрылымдары, Искери-теңіз флоты мен үнді әскери-әуе күштерінің эскадрильясы қатысқан әскери шерумен ашылды. Оның артынан елдің түрлі өңірлері мен халықтарының тұрмысы мен мәдениетін таныстырған салтанатты сап жүріп өтті.

Түстен кейін Қазақстан мен Үндістан президенттерінің мемлекеттік сапар аясындағы соңғы кездесуі болып, онда мемлекет басшылары екі ел арасындағы экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестікті арттыруға деген өзара ниеттерін тағы бір қуаттады.

Сапар қорытындысына арналған брифингте Нұрсұлтан Назарбаев оның нәтижесіне қанағаттанғандық сезім білдірді және барлық алға қойған мақсаттарға қол жеткенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатында азиялық бағыттың басымдыққа ие екендігін атап көрсетті.

"Ресми тұлғалармен, ірі үнді компанияларының өкілдерімен болған келіссөздер біздің Үндістан сияқты жақсы әріптеске ие екендігімізді айқындады", - деді мемлекет басшысы.

Осымен Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың Үндістан Республикасына мемлекеттік сапары аяқталып, мемлекет басшысы елге қайтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны