23.04.2010, 09:56 1448

Қазақстан президентіне Корей университетінің Құрметті докторы атағы берілді

Қазақстан президентіне Корей университетінің Құрметті докторы атағы берілді

Астана. 23 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Корей университетінің Құрметті докторы атағы берілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше Қазақстан президенінің Корей университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу кезінде Ғылыми кеңестің Нұрсұлтан Назарбаевқа Корей университетінің Құрметті докторы атағын беру туралы шешімі жария етілді.

Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер аудиториясы алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев университеттің басшылығына аталған жоғары атақты бергені үшін алғысын айтты. Ол Корей университеті және оның түлектері өз елдерінің дамуына орасан зор үлестерін қосқанын атап өтті. Бұл Корея Республикасының әлемдік саясат пен экономикада алдыңғы қатарға шығуына септігін тигізді.

Қазақстан президенті Корея президенті Ли Мен Бакпен жүргізген өзінің келіссөздері қорытындысына жоғары баға берді.

"Біздің жақын келешекте ғылыми және инновациялық жобаларды іске асыру бағытындағы екі жақты экономикалық ынтымақтастыққа ден қою ниетінде екендігіміздің маңызы зор. Бұл тұста Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның зерттеу институттары мен орталықтары, өзге де жоғары оқу орындары өзаға тығыз байланыстар орнатуда жетекші рөл атқарулары тиіс", - деп атап өтті Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Корей ғылыми қоғамдастығының алдында Астанадағы Жаңа университетпен ынтымақтасуға мүмкіндіктер ашылып отырғанын атап өтті. Университет биылғы жылы ашылады және қазақстандық білім мен ғылымды дамытудың көшбасшысы ретінде саналып отыр. Бұл жоғары оқу орны ең жаңа, осы заманғы зертханалық және ғылыми-зерттеу орталықтарымен жарақтандырылған.

Қазақстан президенті сондай-ақ Жаңа университет жұмысына әлемнің көптеген елдерінен мамандар тартылатынына және аталған университетте Корея Республикасының профессорлары да өз лекцияларын оқитынына сенімін білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 100 студент білім алып жатқанына тоқталып өтті. Қазақстан "Болашақ" бағдарламасы аясында білім алмасу аясын кеңейтуді қарастырмақ.

"Біздің елдеріміз арасындағы келешектегі қарым-қатынастарды осынау жас толқын айқындайтын болады. Біздің елдер халқының арасындағы сенімді нығайту, жалпы құндылықтарды одан әрі қалыптастыру, болашақ Еуразия және күллі әлемнің игілігі мен қауіпсіздігі үшін еңбек ету міндеті соларға жүктеледі", - деп атап өтті президент.

Мемлекет басшысы университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне бейбітшілік, гүлдену және сәттілік тіледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны