26.01.2009, 10:03 1949

Қазақстан президентінің Үндістан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды

Қазақстан президентінің Үндістан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды

Астана. 26 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістан Республикасына мемлекеттік сапары одан әрі жалғасуда, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үндістан президентінің "Раштрапати Бхаван" сарайына келісімен мемлекет басшысы "Раджгат" Махатма Ганди мемориалына гүл шоқтарын қойды. Ондағы құрметті қонақтар кітабына Нұрсұлтан Назарбаев "Оның озбырлық көрсетпеу және бейбіт қатар өмір сүру туралы ескірмейтін идеясы барша адамзаттың жүрегінде мәңгі жаңғырып тұрады. Бұл қағиданы Қазақстан да әрдайым қолдап, жүзеге асырып келеді", деп қолтаңба қалдырды.

Содан кейін мемлекет басшысы Үндістан президенті Пратибха Девисингпен және сыртқы істер министрі Пранаб Мукхерджимен келіссөздер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасында бірқатар құжаттарға, атап айтқанда Бірлескен Декларацияға, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі хаттамаға, "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы мен Үндістанның ONGC Mittal Energy Ltd. компаниясы арасындағы келісімге, "Қазақатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясы мен Үндістанның Nuclear Power Corporation of India Ltd. корпорациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан президентімен және үкімет мүшелерімен болған келіссөздер мен қол қойылған құжаттар қазақстан-үндістан өзара қарым-қатынасын стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарып отырғанын атап өтті.

Сол күні Қазақстан президенті Қазақстан мен Үндістан кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен бизнес-форумға қатысты. Форумда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапының бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін нақты жобалары мен ұсыныстары бар екендігін атап өтіп, Үндістан экономикасының көшбасшыларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы өзінің "Сындарлы он жыл" және "Қазақстан жолы" кітаптарының хинди тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Осыдан соң Қазақстан президентінің Үндістанның вице-президенті Хамид Ансаримен, үнді опозициясының жетекшісі Л.Кришна Адванимен, "Біріккен прогрессивті альянс" басқарушы коалициясының төрайымы Соня Гандимен және бір топ жетекші үнді кәсіпкерлерімен кездесуі болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны