23.07.2007, 17:47 2766

Қазақстан Ресейдің қазақстандық полигондарды пайдалануына қатысты бірқатар құжаттарды бекітті

АСТАНА. 23-шілде. Kazakhstan Today. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағында орналасқан полигондарды пайдалану жөніндегі Ресеймен арадағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаларды бекіту туралы сегіз заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заң жобасын мәжілістің жалпы отырысында таныстырған республиканың қаржы министрі Наталья Коржованың түсіндіруінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы полигонды пайдалану шарттары туралы мемлекетаралық келісімдерге 1995-жылдың 20-қаңтарында қол қойылып, Қазақстан заңдарымен 2000-жылдың 5-шілдесінде бекітілді. "Келісімдер жалпы аумағы 11 млн гектарды құрайтын Сарышаған, Ембі және басқа да мемлекеттік орталық 4 полигонға қатысты. Бұған дейін қол қойылған келісімдерге сәйкес, жыл сайынғы жалға алу құны 27,5 млн долларды құраған. Оның 24,3 млн доллары тауар және қызмет түрінде (қару-жарақ, әскери техника, оларды жөндеу қызметтері, қазақстандық әскерилерді РФ жоғары оқу орындарында оқыту т.б.), 3,2 млн доллары ақшалай өтеліп келген",- деді ол.

Алайда, министрдің айтуынша, "тауар немесе қызмет түріндегі төлемдер бойынша жыл сайын қиындықтар туындап келді". "Ақырында екі үкімет те толығымен ақшалай есеп айырысуға көшу және полигон мүлкі мен жер телімдерін біртұтас жалға алу нысандары деп тану жөнінде ортақ пікірге келді",- деді Н.Коржова. "Осыған байланысты 2005-жылдың 25-қарашасында Мәскеуде үкіметтер арасында полигондарды жалға алу және пайдалану туралы мемлекетаралық келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаларға қол қойылды",- деді қаржы министр.

Н.Коржованың айтуынша, полигондарды пайдаланғаны үшін жыл сайынғы жалға алу ақысы 24,8 млн долларды құрайды. "Біз енді ғана бекіткелі жатқанымызға қарамастан, РФ ағымдағы жылдың бюджетінде 2005, 2006 және 2007-жылғы жалға алу құнын ақшалай төлеуге арналған қаржыны қарастырған",- деді министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны