16.04.2010, 18:18 3885

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті

Мәжіліс барысында Бас прокурор құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру, алдын-алу жұмыстарын сапалы жүргізу, жасөспірімдерді қылмыстық элементтердің ықпалынан барынша қорғау, сондай-ақ олардың құқықтарының бұзылуының уақтылы жолын кесу қажеттігін атап көрсетті.

Астана. 16 сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтіп, онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен күрестің жай-күйі, сондай-ақ құқық қорғау және уәкілетті органдардың осы мәселе бойынша жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған шаралары талқыланды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс жұмысына президент әкімшілігі басшысының орынбасары, парламент депутаттары, құқық қорғау құрылымдарының бірінші басшылары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс және ақпарат, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, туризм және спорт министрліктерінің, жастар ұйымдарының өкілдері және басқалар қатысты.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың таралуымен күресті одан әрі күшейтудің өзектілігін мемлекет басшысы өткен жылғы қарашада болған халықпен тікелей желі барысында атап көрсетті. Осыған орай, Бас прокуратура бірқатар түбегейлі шаралар белгілеп, өңірлерге шыға отырып тексерулер жүргізді. Нәтижесінде белгілі болғандай, кейбір өңірлерде, әсіресе, Тараз қаласында жағдай күрделі күйінде қалып отыр және ондағы орта оқу орындарында бопсалау, ақша жинау және бұзақылық деректері жиілеп кеткен.

Жиналысқа қатысушылар жалпы білім беру және арнаулы оқу орындарының әкімшілігі, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия қызметіндегі кемшіліктерге назар аударды. Балалардың бойына қоғамға жат әрекеттерді, құқыққа қарсы пиғыл мен әуестікті болдырмайтын мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған қосымша кешенді шаралар қарастырылды. Қылмыстық атқару саясатын одан әрі ізгілендіру, қылмыс жасаған жасөспірімдерді қоғамға қайтадан бейімдеу және әлеуметтендіру аясында оларды жазалау мекемелерінде қамаудан тыс қылмыстық-құқықтық шаралардың қолданылуын кеңейту ұсынылды.

Мәжіліс барысында Бас прокурор құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру, алдын-алу жұмыстарын сапалы жүргізу, жасөспірімдерді қылмыстық элементтердің ықпалынан барынша қорғау, сондай-ақ олардың құқықтарының бұзылуының уақтылы жолын кесу қажеттігін атап көрсетті.

Талқылау нәтижесі бойынша кеңес мүшелері кәмелетке толмағандардың девиантты көріністерін азайтуға, осы салада прокурорлық қадағалауды және ведомстволық бақылауды жетілдіруге бағытталған шешім қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны