25.12.2009, 13:12 2615

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болып қайтты

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болып қайтты

Астана. 25 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болып қайтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пекинге сапар барысында Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы ҚХР Ұлттық қорғаныс министрі генерал-полковник Лян Гуанле және Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары генерал-полковник Го Босюнмен кездесті.

ҚР Қорғаныс министрі Иділбек Жақсыбеков өзінің қытайлық әріптесіне, Қытай жеріне шақырып жылы шырайлы қабылдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

"Қазақстан мен Қытай өзара түсіністіктің биік деңгейіне қол жеткізіп, әлемдік қауіпсіздік мәселесі бойынша біртекті ұстанымда", - дей келе Иділбек Жақсыбеков - екі ел арасындағы қол жеткізген стратегиялық серіктестік, бірінші кезекте мемлекет басшыларының өзара түсіністігі мен сыйластығының арқасында",- деп атап өтті.

"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасымен барлық сала бойынша, соның ішінде әскери бағыт бойынша тығыз қарым-қатынастың орнауы мен дамуына ерекше мән береді. Қытай қорғаныс саласы бойынша Қазақстанның сенімді серігі болып табылады",- деді ол.

Еліміздің қорғаныс министрі осындай екіжақты кездесулер екі ел арасындағы әскери қарым-қатынастарға тың үрдіс беріп, төл әскеріміздің жаңаруына септігін тигізетінін тілге тиек етті.

"Қазіргі таңда біз сапа көрсеткіштерін арттыру арқылы төл Қарулы Күштерімізді жетілдірудеміз. Нәтижесінде 2015 жылы қазақстан әскерінің келбеті айтарлықтай оң өзгерістерге ие болады,- деді қорғаныс министрі. - Илемдік жоғары стандарттарға сәйкес күш-қаруын аз уақыт аралығында жинақтап-жеткізе алатын кәсіби әскер құру бойынша Елбасының стратегиялық тапсырмаларын орындаудамыз. Бұл ретте әлемдік үздік тәжірибені зерделеу және сенімді серіктестеріміздің көмегі қажет екені айдан анық. Осындай кездесулер, алдымызда тұрған мақсаттарға қол жеткізуге ықпалын тигізеді".

Қазақстан мен Қытай Қарулы Күштері арасындағы қарым-қатынастың негізін әскери білім алу мен әскери-техникалық бағыттар құрайды. Сапар барысында негізінен аталған мәселелер пысықталды.

Тәуелсіздік алған жылдары көрші елдің әскери арнайы оқу орындарында 65 қазақстандық азамат білім алса, бүгіндері 10 өкіліміз біліммен сусындауда. Иділбек Жақсыбеков бұл мәселе бойынша толықтай қолдау көрсетіп отырған Қытай Халық Республикасының басшылығына, сонымен қатар осы елдің қорғаныс министріне алғысын жеткізді.

Қазақстан тарапы Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде де ҚХР-мен тығыз байланыста болуға айрықша мән береді.

Аталған ұйымға мүше елдер арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты айтарлықтай мол тәжірибе жинақталған.

ШЫҰ шеңберінде террорға қарсы сипаттағы және басқа да жаттығу ойындары тұрақты өткізіліп келеді, халықаралық және аймақтық саясат тұрғысында өзекті мәселелер бойынша ақпарат алмасу жақсы жолға қойылған.

Үстімізгі жылдың сәуір айында Тәжікстан жерінде бірлескен "Нүрек-Антитеррор 2009" жаттығу ойындары өткізілді. Оған ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінен взвод қатысты. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Өз кезегінде ҚХР Ұлттық қорғаныс министрі генерал-полковник Лян Гуанле Қазақстан мен Қытай арасында тығыз достықтың орнағанына тоқтап, келесі жылы қазақстан жерінде өтетін "Бейбіт миссия - 2009" жаттығу ойындарына дайындықтың 3 кезеңін жоғары деңгейде өткізгеніне алғысын жеткізді. Келесі кезеңдерді де, содай-ақ кең көлемді жаттығуларды да жоғары деңгейде өткізуде сәттілік тіледі.

Осы елдің қалыптасқан дәстүрі бойынша сол күні Қорғаныс министрі бастаған қазақстандық әскери делегация елдің ең үлкен алаңы - Тяньаньмэньде болып, Халық батырлары ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Екі елдің әскербасылары ҚХР Қорғаныс министрлігінің үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен құрмет қарауыл жасағын тамашалады. Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар Халық батырларын бір минуттық үнсіздікпен еске алып құрмет көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны