20.03.2007, 18:33 3145

Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі әскерді басқару құрылымын қайта құруды жоспарлауда

АСТАНА. 20-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі әскерді басқару құрылымын әлемнің озық армияларында қолданылатын стандарттар негізінде қайта құруды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Қарулы күштері ардагерлерімен кездесу барысында қорғаныс министрі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бұл процесс (әскерді басқару - Kazakhstan Today ескертпесі) автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу мен ғарыштық технологиялардың мүмкіндігін пайдалануға негізделеді",- деді Д. Ахметов. "Егер ең басты мәселе - автоматтандырылған басқару жүйесі мен әскерлерді басқарудың біріккен жүйесін құру мәселесі шешілмесе, басқарудың жаңа жүйесінсіз қару-жарақтың барлық жаңа түрлері тиімді болмайды",- деп санайды ол.

"Егер бізде әскерді басқарудың нақты, зерделі, жоспарлы жүйесі бар болса, қазіргі әскердегі үлкен әлеует айтарлықтай тиімді пайдаланылады. Заманауи қауіп-қатерлерге жауап қатуға икемделген әскерлерді басқарудың жаңа жүйесін құру үшін барлық ақпараттық технологиялар пайдаланылуға тиіс, бұл үшін жаңа технологиялар департаменті бар, бұл үшін біз әлемнің жетекші компанияларымен жұмыс істедік",- деп қосты министр.

Д. Ахметов сондай-ақ, Қазақстанның Қарулы күштерінің құрылымы өзгеретіндігін мәлім етті. "Жаппай жасаққа тартуды қажет етпейтін, тұрақты жауынгерлік дайындықтағы бірлестіктер мен бөлімдер Армияның іргетасына айналады ",- деді қорғаныс мекемесінің бастығы. Оның айтуынша, штаб бастықтарының комитеті осы жаңалықтарды талқылаған және " республиканың Қарулы күштер жүйесінде осы сияқты шешімдерді қабылдауға қажетті барлық мүдделер тоғысқан үйлесімді көзқарас ақыры қалыптасты".

"Жалпы алғанда тиісті құжаттар дайындалып қойған, біз Қорғаныс министрлігінің құрылымы да өзгереді деп жоспарлап отырмыз, біз оның жауынгерлік жағын міндетті түрде күшейтеміз , атап айтқанда штаб бастықтарының комитетін міндетті түрде күшейтеміз",- деп атап өтті министр. Ол, жақын арада дәл осы комитетте "әскери жоспарлау жүйесінде, атап айтқанда әскери бюджетті құру тұрғысынан ең басты құрылым болып табылатын жауынгерлік дайындық департаментінің құрылатындағын еске сала кетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны