05.07.2016, 09:32 4068

Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Ораза айт - бір шаӊырақтыӊ астында ауызбіршілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін ынтымақ мейрамы.

Астана. 5 шілде. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

Құрметті отандастар!

Баршаӊызды мұсылмандардыӊ қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!

Рамазан - адамзат баласын рухани тазару арқылы мейірімділік пен сабырлылыққа жетелейтін ұлық та қасиетті айлардыӊ бірі.

Ораза айттыӊ шуақты күндерінде мұсылмандар бір-біріне айттап, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін білдіреді.

Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қуанышқа кенелту де - қасиетті мерекеніӊ жарқын көріністерініӊ бірі.

Ораза айт - бір шаӊырақтыӊ астында ауызбіршілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін ынтымақ мейрамы.

Осы мызғымас құндылықтарымыздыӊ арқасында біз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда қарқынды түрде дамып келеміз.

Қастерлі Қазақстан жерінде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерініӊ съезі өркениеттер үндестігіне сүбелі үлес болып қосылуда.

Ораза айт мерекесіндегі игі істер исламныӊ қайырымдылық пен мейірімділіктіӊ, өзара көмек пен жанашырлықтыӊ діні екенін айшықтай түседі.

Қасиетті мейрам күндері әрбір шаӊыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін.

Елімізде бірлік пен келісім салтанат құра берсін!

Ораза айт мерекесі құтты болсын!

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны