07.06.2007, 18:09 2890

Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының бірқатар басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды - ҚР Бас прокуратурасы (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 7 - мамыр. Kazakhstan Today. "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ бірқатар басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін брифингте журналистерге ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бас прокуратураның 2006 жылдың аяғы мен 2007 жылдың басында аяқтаған "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ іс-қызметінің заңдылығын тексеру аясында компанияның бірқатар басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды",- деп түсіндірді Сапар Нұрпейісов. "Сонымен қатар, 21 тексеру материалы қылмыстық іс қозғау туралы шешім шығару үшін қаржы полициясына жолданған",- деп атап өтті ол.

Сапар Нұрпейісовтың айтуынша, аталмыш материалдарда ҚТЖ бұрынғы президенті Ерлан Атамқұловтың да аты бар. С. Нұрпейісовтың түсіндіруінше, қылмыстық іс қозғауға түрткі болған ҚТЖ қызметкерлеріне басшы құрамға, атап айтқанда ҚТЖ басқарма мүшелеріне арнайы үстемақы мен бонустар төлеу барысында акционерлік қоғам, жарғы туралы заңдарды және басқа да құқықтық актілерді дөрекі бұзған деген айып тағылуда.

"Акционерлік қоғам туралы заңның 53-бабына сәйкес қызмет ақысының көлемін анықтау, еңбекақы шарты және басшыларға сыйақы беру мәселелері директорлар кеңесінің жеке құзырына жатады. Бірақ, ҚТЖ президентінің бұйрығымен директорлар кеңесінің шешімінсіз 2002 жыл мен 2006 жыл аралығында басқарма мүшелеріне 331 млн теңгеден асып жығылатын заңсыз арнайы сыйақы мен бонустар төленіп келген, ал "Эрнст энд Янг Казахстан" аудиторлық компаниясының қорытындысы бойынша, компанияның қаржы іс-қызметінің тек 2005-жылғы қорытындысы бойынша шығыны 17 млрд теңгеден асып жығылады",- деп хабарлады ол.

"Сонымен қатар, АҚ туралы заң мен бонустар төлеу тәртібі туралы ереженің талаптарына қарамастан, акционердің таза кірісті бөлу туралы шешімінсіз және ақшаны ҚТЖ президентінің қорында жинақтамай, жалпы көлемі 600 млн астам бонус төленген. Сондай-ақ акционердің, яғни көлік және коммуникация министрінің сәйкес бұйрығы бонус төленгеннен кейін бір жылдан соң шығарылған",- деп атап өтті С. Нұрпейісов.

"Біз қылмыстық іс қозғадық деп отырмыз, әрине бұл жерде нақты кімнің үстінен деген сұрақ туады. Қосымша тергеу жүріп жатқандықтан, олардың аты-жөнін атау әзірге ертерек деп ойлаймын, олардың кім екендігін өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар",- деді Бас прокуратураның ресми өкілі. Сонымен қатар, ол журналистердің қойған сұрақтарына жауап бере отырып, атап айтқанда Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының атқарушы директоры Шәкіровтың үстінен "өзінің лауазымдық құзыретін асара пайдалану дерегі бойынша" қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады. "Бүгінде біздің қолымызда басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты материалдар бар, онда компания президенті де бар, басқарма мүшелері де бар". Жиырма бір материал қаржы полициясы органдарында жатыр, біз оларға әлі де қосымша материалдар жібереміз, және олар қылмыстық іс қозғау немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту сияқты процессуалдық сипаттағы шаралар қолданады", - деп қосты ол.

"Біз мемлекеттік активтерді басқаратын "Самұрық" холдингінің алдына анықталған заң бұзушылықтар, олардың туындауына түрткі болған себептерді жою туралы мәселені қойдық. Сонымен қатар, жақын арада Бас прокурор Қазақстан Республикасының премьер-министріне ҚТЖ іс-қызметіндегі жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысты жолдайды",- деді ол. Ол сондай-ақ, "осы адамдардың қолында кеткен ақшаға қатысты мәселені "Самұрық" холдингі қарауға тиіс екендігі туралы және заңсыз алынған соманы қайтару қажеттігі туралы мәселе қойдық", деп атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны