24.09.2009, 18:54 2917

Қазақстан үкімет басшысы 4-ші энергетикалық апталық аясында шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді

Қазақстан үкімет басшысы 4-ші энергетикалық апталық аясында шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді

Астана. 24 қыркүйек. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов Астана қаласында Қазақстанның 4-ші энергетикалық апталығы аясында өтіп жатқан Еуразиялық энергетикалық форум жұмысына қатысып, форум барысында шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "General Electric" компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Джон Райспен болған кездесуде ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды. Дж.Райс Премьер - Министрге Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауытында болғанын хабарлады.

"Мен үлкен өзгерістерді байқадым. Егер екі жыл бұрын бізде қандай қадам жасау туралы түсінік қана болса, қазіргі таңда нақты өндіріске қол жеткіздік, сөйтіп біздің командамыз аз ғана мерзім ішінде жобаны іс жүзіне асыруда айтарлықтай алға басты", - деді Дж.Райс. Ол компанияның әрі қарай да жобаны дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, "General Electric" өкілімен индустриялды және әлеуметтік салаларда жобаларды бірлесіп іске асыру жайы да қозғалды. Атап айтқанда, тараптар Қазақстанда мұнай - газ секторы үшін қызмет көрсету құрал - жабдықтарының өндірісінің, озық үлгідегі медициналық құрал - жабдықтарды құрастыру өндірісінің, сондай - ақ, "болашақтың ауруханасы" құрылысының жобасын талқылады.

Сондай - ақ, кездесуде электр энергиясының баламалы қуат көздерін дамыту бойынша да бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері әңгіме болды.

Премьер - министрдің "Эксон Мобил" компаниясының аға вице - президенті Марк Альберспен болған кездесуде мұнай - газ саласындағы жобаларды іске асырудың ағымдағы жай - күйі талқыланды.

М.Альберс "Эксон Мобил" компаниясының қатысуымен қазіргі заманғы индустриялды өндіріс құруда, сондай - ақ, Қазақстанда әлеуметтік бағытта бірқатар жобаларды іске асыру бойынша пысықталып жатқан мәселелердің нәтижелері туралы хабарлады.

Сонымен бірге, К. Мәсімов пен М.Альберс мұнай мен газдың әлемдік нарығындағы жағдай жөнінде де әңгімелесті.

Премьер - министр компания өкілдеріне энергетикалық форум жұмысына қатысқандары үшін алғысын білдіріп, өзара ынтымақтастықтың әрі қарай да сәтті жалғасатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, "LyondellBasell Industris" компаниясының бас атқарушы директоры Джеймс Гэллоглимен кездесу барысында премьер - министр Атырау облысындағы газ-химиялық кешен құру жобасын іске асырудың ағымдағы жағдайы және келешектегі жай - күйін талқылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны