07.08.2008, 18:46 2970

Қазақстан үкімет басшысы АҚШ Конгрессі сенатының делегациясымен кездесті

Қазақстан үкімет басшысы АҚШ Конгрессі сенатының делегациясымен кездесті

Астана. 7 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов Хэрри Рид бастаған АҚШ Конгрессі сенатының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды агенттік тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде экономиканың әртүрлі саласындағы Қазақстан мен АҚШ-тың өзара іс-қимылының маңызды мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, елімізде жүріп жатқан реформа және Қазақстанның алдағы уақыттағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі, қалыптасып отырған әлемдік экономикалық жағдай туралы пікір алмасылды.

"Біз Қазақстан жүргізіп отырған жақсы жұмыстарды көріп отырмыз. Ең алдымен - бұл күллі адамзатты жақсарту жолындағы және өзінде бар ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім",- деді сенатор Х. Рид.

Бұдан басқа, ол еліміздің басшылығы Қазақстанның экономикалық дамуы жөніндегі сауатты саясатты тұрақты жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Салық заңнамасына енгізілуі көзделіп отырған өзгерістерді талқылай келе, премьер-министр "елімізде экономиканың шикізаттан басқа секторында жұмыс істейтін компанияларға салық мөлшерлемесі төмендетіледі. Корпоративтік табыс салығы 30-дан 15-20 пайызға дейін төмендетілетін болады",- деп мәлімдеді.

Экономиканың шикізат секторында жұмыс жасайтын компаниялар үшін салық салу ставкасы артатынын атап өте келе, К. Мәсімов Қазақстан бұрын жасалған келісім-шарттардың тұрақтылығын сақтап қалатынына тоқталды.

Премьер-министр сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жоюда американдық тараптың көмегі қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде, сенатор Х. Рид елімізде жүргізіліп жатқан реформа және Қазақстанның экономикалық дамуы туралы оң пікірін жеткізді. "Қазақстан экономикада айтарлықтай жетістіктерге жету үшін өз ресурсын пайдалана алды. Саясат саласында да едәуір жетістіктер байқалуда. Жоғарыдағыны жинақтай келе, мен Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі тұрақты күш болады деп айта аламын",- деді сенатор Х. Рид.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасын талқылай келе, К. Мәсімов Қазақстан ішкі азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасын шешкенін мәлім етті. Осыған байланысты ол: "біз, өңірде көшбасшы болып табылатын мемлекет ретінде жауапкершілікті түсінеміз және көршілес елдерге көмек көрсетуге әзірміз" деп қадап айтты.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық саладағы, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимыл мәселесіндегі екіжақты ынтымақтастықты келешекте де кеңейту және нығайту қажеттігіне назар аударды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны