03.12.2009, 16:57 3119

Қазақстан үкімет басшысы халықаралық даму институттары мен ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан үкімет басшысы халықаралық даму институттары мен ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді

Астана. 3 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) қарсаңында үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов халықаралық даму институттары мен ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Томас Мироу бастаған делегациямен кездесу барысында ағымдағы экономикалық жағдай, сондай - ақ, Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар қазақстандық экономиканы тұрақтандыру және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму перспективаларына қатысты Қазақстан Үкіметі қолға алып отырған шаралар жөнінде әңгіме өрбіді.

Т.Мироу "Қазақстан үкіметі бұл бағытта айырықша жұмыс атқарғанын" атап өтті.

Кездесу соңында К.Мәсімов пен Т.Мироу Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы тығыз қарым - қатынастың сәтті жалғасатынына сенім білдірді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ, премьер - министрдің "ArcelorMittal" компаниясының директорлар кеңесінінің президенті Лакшми Митталмен болған кездесуінде Қазақстандағы металлургия саласының даму болашағы талқыланды.

Л.Миттал компания Қазақстандағы бұрын басталған немесе іске асыру жоспарланған, алайда дағдарыс кезеңінде іске асырылуы уақытша тоқтатылған инвестициялық жобаларды аяқтауға ниетті екенін айтты.

Ол "қазір жағдай қалыпқа келе бастағанын және Қазақстандағы компания кәсіпорындарының жұмысы қалыпқа түсе бастағанын" атап өтті.

"Қазақстан дағдарысты еңсеруде табысқа қол жеткізді, ЖІӨ көрсеткіштері өсуде, жұмыссыздық деңгейі азайып жатыр, ел жеткілікті қорға ие - мұның барлығы - қуанышты жағдай. Мен Қазақстан бұл дағдарыстан әлдеқайда қуатты болып шығады деп санаймын", - деді Л.Миттал.

Сонымен қатар, Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен "Royal Dutcs Shell" компаниясының атқарушы директоры Малкольм Бриндедтің кездесуі барысында Қазақстан мен Шелл арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

М.Бриндед компания Қазақстан экономикасын инвестициялауды, әсіресе, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игеру жобаларын жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.

Бұдан басқа, ҚР премьер - министрі К.Мәсімовтің "ConocoPhillips" компаниясының бас атқарушы директоры әрі басқарма төрағасы Джеймс Малвамен болған кездесуінде "Қашаған" кен орнын игеруге қатысушы компаниялардың бірлескен қызметінің барысы, сондай - ақ, "Н" блогындағы барлау жұмыстары жөнінде әңгіме өрбіді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны