22.06.2012, 15:54 2929

Қазақстан үкіметі 2012 жылдың екінші жартысында мұнай бағасының 50 АҚШ долларына дейін түсуіне дайындалуда

Мұнай бағасының баррель үшін $50-ге дейін төмендеуі фантастикалық емес, жүзеге асуы мүмкін сценарий, деп мәлім етті ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Астана. 22-маусым. Kazakhstan Today - Қазақстан үкіметі 2012 жылдың екінші жартысында мұнай бағасының 50 АҚШ долларына дейін түсуіне дайындалуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Мұнай бағасының баррель үшін $50-ге дейін төмендеуі фантастикалық емес, жүзеге асуы мүмкін сценарий, деп мәлім етті ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

"Мұнай бағасының баррель үшін $50-ге дейін төмендеуі фантастикалық емес, жүзеге асуы әбден мүмкін сценарий", - деді К. Мәсімов жұма күні парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Сондай-ақ, премьер республикалық бюджеттік комиссияның отырысында қаржы блогының мамандарына Қазақстан экономикасының даму сценариін мұнай бағасы баррелі үшін $50-ге дейін төмендеген жағдайға арнап есептеуді тапсырғанын айтты.

"Егер теріс нұсқасы жүзеге асса, біз парламент депутаттарына, мемлекет басшысына жүгінеміз, қырқүйекте сіздерден (депутаттарға) қолдау сұраймыз, 12 жылға бюджетті қайта қараймыз, бірақ соңғы жылдары жасап жүргеніміздей секвестирлеу мүмкіндігімен, ұлғайту жағына қарай емес", - деді К. Мәсімов.

Үкімет басшысы Қазақстан экспорттайтын мұнай мен басқа ресурстар бағасының арзандауының оң жағы да бар екенін атап көрсетті.

"Біріншіден, ҚҚС-ны өтеу көлемі азаяды. Екінші жағынан, дағдарыс кезінде кейбір бюджеттік реформаларды өткізу, макроэкономикалық тұрақтандыру жасау жеңілірек болады. Өйткені ондайда жағдай нашарлағанда қаражатыңа қарай өмір сүру керек деп нақты айта аласың", - деп есептейді К. Мәсімов.

Премьер макроэкономикалық тұрақтандыру мен шығындарды салыстыру Қазақстан үкіметінің негізін құраушы саясаты екенін айтты.

Бұрын хабарланғандай, бейсенбі күнгі сауданың қорытындысы бойынша Brent сұрыпты мұнайдың бағасы айтарлықтай төмендеді.

Алдағы айда жеткізілетін мұнай фьючерстерінің орташа құны Лондонда Inter Continental Exchange (ICE) биржасында ICE Brent Crude Futures келісімшарты үшін $89,23 (-3,46)/барр құрады. ICE мәліметтеріне сәйкес, сауда күні барысында баррель бағасы $88,9 -$92,76 аралығында болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны