26.01.2009, 10:12 2474

Қазақстан үкіметінің басшысы 24-25 қаңтар күндері іссапармен Маңғыстау облысында болды

Қазақстан үкіметінің басшысы 24-25 қаңтар күндері іссапармен Маңғыстау облысында болды

Ақтау. 26 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасы үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов 24-25 қаңтар күндері іссапармен Маңғыстау облысында болды, деп хабарлайды агенттік тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Премьер-министр ең алдымен Ақтау халықаралық әуежайының концессиялық келісім негізінде салынып жатқан жаңа жолаушылар терминалының және қайта төселіп жатқан ұшу-қону алаңындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Терминалдың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталып, мамыр айында жаңа әуежай кешені толыққанды қолданысқа берілуі тиіс.

Іссапар аясында үкімет басшысы облыста іске асырылып жатқан бірқатар инвестициялық және әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Исіресе, Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылдың басына дейін барлық ауылдық елді мекендерді газ, ауыз су, электр қуаты, облыстық телехабар тарату желісі және телефон байланысымен 100 пайыз қамтамасыз етуді жоспарлағаны үкімет басшысының қолдауын тапты.

Биылғы жылдың басында ауылдық елді мекендер электр қуатымен, телефон байланысы және облыстық телехабарлар тарату желісімен 100 пайызға, сумен және газбен 97 пайызға қамтылды. Бұл - республикадағы ең жоғары жөрсеткіш.

Үкімет басшысы аталған жобалардың шеңберінде іске асқан телехабарлар тарату желісін құру жобасымен танысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалы ("Қазақстан-Ақтау" телеарнасы) облыстың 32 елді мекенінде төл телехабар таратқыш қондырғыларын орнатты. Оңтайлы техникалық шешім арқасында бұл қондырғылар облыс аумағын толық қамтуға мүмкіндік береді. Хабар таратқыш құралдар қазақстандық кәсіпорындарда шығарылған. Бұл - корпорация филиалдары арасындағы облыстық телехабар тарату желісі құрылған тұңғыш жоба.

Сондай-ақ, үкімет басшысына Каспий мұнай өңдеу зауыты құрылысының жобасы таныстырылды. Аталған жоба 2009-2012 жылдарға жоспарланған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 1 млн. тоннаға дейін мұнай өңдеуге есептелген. Жобаланған зауыт, мұнай өңдеу тереңдігін бірінші кезекте 80 пайызға, екінші кезекте 90 пайыздан кем болмауына мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Маңғыстау облысының 2009 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыру бағдарламасымен танысты. Бағдарламамен таныстырған облыс әкімі Қ.Көшербаев 2008 жылдың қорытындысы бойынша өңірде экономиканың өсімі мен әлеуметтік-саяси ахуалдың тұрақтылығы бірқалыпты сақталып отырғанын айтты.

2008 жылғы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша облыста оң өзгерістер байқалады. Сыртқы факторлардың кері әсеріне қарамастан, 2008 жылы аймақ экономикасының өсімі 20 пайызға таяды, ал жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім өндірісінің көлемі 19 мың АҚШ доллары шамасында болды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен (7 760 доллар) 2 есе артық (республика өңірлері арасында 2-орын). Жыл бойында облыс кәсіпорындары 1 трлн. 519 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Бұл аса маңызды көрсеткіш соңғы үш жыл ішінде 2 есе өскен.

Соңғы үш жылда облыс кәсіпорындарында 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өткен жылы экономикада еңбекпен қамтылғандар санын сақтап қана қоймай, 11 мың адамға арттыра түсуге де (178 мыңнан 189 мың адамға дейін) мүмкіндік берді. 2009 жылы кемінде 8 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өңірде жұмыс істейтін барлық ірі және орта кәсіпорындармен жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл кәсіпорын басшылары жұмысшылар қатарын қысқартпауға және еңбекақыны уақытылы төлеуге міндеттенді. 2008 жылы негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы мен халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына жол берілмеді. Өткен жылы облыстағы инфляция 7,8%-ды құраған. Бұл - республикадағы ең төмен көрсеткіш.

Облыс әкімінің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарының негізгі мақсаты - қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, өңір экономикасының көлемін сақтау және құрылымдық реформаларды жалғастыру. Осы орайда, алдағы уақытта жұмыс орындарын мейлінше көбейту, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті демеу арқылы облыс тұрғындарының нақты табыстарын молайту, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылық баса назарда болмақ.

Облыстық бюджет құрылымында 1 млрд. теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылған. Қор қаражаты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін "Даму" қоры арқылы жеңілдікпен несиелендіруге бағытталады, тұрғындарды микронесиелеуге бөлінетін қаражат көлемі 2 есе ұлғайтылады. Облыс кәсіпорындарымен бірлесе отырып, жаңа жұмыс орындарын ашудың жоспар-кестесі жасалды. Мұнайгаз және құрылыс саласындағы жобаларда қазақстандық және жергілікті үлесті арттыру бағытындағы жұмыс күшейтіледі. Мысалға, 2008 жылы облыстың құрылыс саласындағы мердігерлік жұмыстардың 94%-ын жергілікті компаниялар атқарған.

Биыл әлеуметтік жұмыс орындарының санын 2 есеге, жұмыссыздарды кәсіптік білім алуға бағыттау да 2 есеге арттырылуы жоспарланды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі де ерекше назарда. Соңғы үш жыл бойында облыс аумағында жұмыс істейтін кен игеруші кәсіпорындардың әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражат көлемі 4 есеге өскен. Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесе отырып, 2009 жыл облыста Ана мен бала денсаулығын қорғау жылы деп жарияланды. Соның аясында 2009 жылы Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығын, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу кентінде екі перзентхана салу, қолданыстағы перзентханалардың қуаттылығын арттырып, оларды заманауи құралдармен жабдықтау жоспарланды. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жалғасады. Білім беру саласында жоғары сапалы көрсеткіштерге қол жеткізу, кәсіптік оқыту жүйесі мен мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту мәселелері басты назарда қала бермек.

Сондай-ақ, индустриалық-инновациялық бағдарламалар, "Жер-Теңіз-Аспан" ықпалдасқан жобасының барлық бағыттары мен облыстың бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Илемдік дағдарыстың инвесторлар қызметі мен аймақ экономикасына тигізген кері әсеріне қарамастан, "Жер-Теңіз-Аспан" жобаларының бірде-бір бағыты бойынша кейін шегіну жоқ. Ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы жобалардың барлығы да іске асырылып келеді.

Үкімет басшысы тиісті министрліктерге облыста іске асырылып жатқан жекелеген инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қатысты нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, "Бейнеу-Ақтау" учаскесіндегі "Ақтау-Атырау" және "Жетібай-Жаңаөзен-Түркіменстанмен шекара" автожолдарын қайта салу жобаларын, концессиялық келісімдер негізінде жүргізілуі тиіс "Маңғышлақ-Баутино" темір жол учаскесі мен "Жезқазған-Бейнеу" темір жолының құрылысын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы биыл Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымы мен "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағының инженерлік және көліктік инфрақұрылымы құрылысының басталуы қажеттігіне, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобаларына баса назар аудару керектігін ескертті.

Облыс әкімдігіндегі мәжілістен соң премьер-министр "Аймақтардың инфрақұрылымын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану" тақырыбында өткен аймақтық "дөңгелек үстел" жұмысына қатысты. Жиынға сондай-ақ, бірқатар ведомство басшылары мен Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Бұл шараның мақсаты - Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетіктерін насихаттау, концессиялық жобалар бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті өңірлерде дамыту мүмкіндіктерін талқылау.

Мәжіліс барысында "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің қазақстандық орталығы" АҚ төрағасы Б.Смағұлов Қазақстандағы мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры С.Вермерт мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына инвесторлар тарту мәселелері жөнінде әңгімеледі. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Астана қаласындағы өкілдігі басшысының міндетін атқарушы У.Хиндстром банктің мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің муниципалды жобаларын қаржыландырудағы тәжірибесімен бөлісті. Ал, Дүниежүзілік банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілі С.Шаталов мемлекет пен жекеменшіктің әріптестік жобаларының жергілікті бюджеттегі қауіп-қатерлерін басқару туралы баяндады.

"Дөңгелек үстел" аясында "Концессиялық және бюджеттік инвестициялық жобаларды дайындау, жүзеге асыру, сондай-ақ олардың сапасын арттыру процедуралары" тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Мұнан соң үкімет басшысы Ақтаудағы жаңа битум зауытының іргетасын қалау салтанатына қатысты. Жобаның бастамашысы - "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 420 мың тонна битум өндіруге есептелген. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің мәліметі бойынша республиканың жол салу саласындағы битумға деген сұранысы биылдың өзінде 764 мың тоннаға жеткен. Зауыт шикізаты ретінде Қаражанбас кенорнының мұнайы алынбақ. Аталған кен орнының мұнайы физикалық-химиялық қасиеті бойынша Қазақстанның қатал континенттік климатында пайдалануға қолайлы, сапалы жол битумын өндіруге мүмкіндік береді. Жоспар бойынша, жыл сайын мұнда Қаражанбас кен орнының 1 млн. тонна мұнайы өңделетін болады. Сонымен бірге, алдын ала келісімге сәйкес, зауыт өнімінің бір бөлігі Маңғыстау облысының автокөлік жолдарын дамыту бағдарламасын іске асыруға бағытталып отырмақ.

Премьер-министр К.Мәсімовтың қатысуымен Ақтау қаласында облыс әкімдігінің тапсырысы, "Аджип ККО" компаниясының демеушілігімен бой көтерген 100 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілттері әлеуметтік тізімдегі ақтаулықтарға, әскери және бюджет саласы қызметкерлеріне табысталды. Атап айтсақ, тапсырылуына үкімет басшысы қатысқан жаңа үйден өткен жылы үшемдер дүниеге келген екі отбасы да пәтер алды.

Мұнан соң премьер-министр Түпқараған ауданы, Баутино портындағы шекаралық кемелер мен катерлердің 2-дивизиясымен танысып, екінші дәрежелі "Сақшы" шекара кемесін аралады. Бұл - Қазақстандағы жоғары санаттағы екінші кеме. Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараны күзету мақсатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырысымен 2008 жылы құрастырылып, 2009 жылы қолданысқа берілді. Кеме Каспий теңізінің кез келген ауданында жүзуге мүмкіндік беретін заманауи навигациялық қондырғымен жабдықталған.

Үкімет басшысы мұнан соң аудандағы "Қаражанбас" шекара заставасының жұмысымен танысты. Застава 2005 жылы құрылған. Ұзындығы 250 шақырымға созылып жатқан мемлекеттік шекараны күзетеді. Радиолокациялық бақылау қызметімен қатар, жағалау жолағы дүркін-дүркін тексеріліп, барлау-іздестіру әрекеттері атқарылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны