28.12.2011, 11:58 4198

Қазақстан ЖИН/БИН-ге 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап көшеді

"Белгілі бір тұлғаға жататын мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесіне көшу мақсатында жеке идентификациялық номерлерді (ЖИН) және бизнесидентификациялық номерлерді (БИН) енгізу мерзімін 2012 жылдың 1 қаңтарынан 2013 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр".

Астана. 28-желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан ЖИН/БИН-ге 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап көшеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, парламент ЖИН/БИН-ді 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізуді қарастыратын ҚР-да қор нарығын дамыту мәселелері жөніндегі түзетулерді қабылдады.

Парламент сенаты сәрсенбі күні пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне Қазақстан Республикасында қор нарығын дамыту мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң қабылданды деп есептеледі және қол қою үшін президентке жолданады.

Заң жобасын талқылау барысында қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов сенаторларда бірінші оқылымда мақұлданған құжатқа толықтырулар енгізу қажеттілігі туындағанын хабарлады.

"Белгілі бір тұлғаға жататын мәліметтерді тіркеудің бірыңғай жүйесіне көшу мақсатында жеке идентификациялық номерлерді (ЖИН) және бизнесидентификациялық номерлерді (БИН) енгізу мерзімін 2012 жылдың 1 қаңтарынан 2013 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр", - деді ол.

Мұның алдында экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, түзетулердің басты мақсаты "халықтық ІРО" бағдарламасын іске қосу үшін нормативтік-құқықтық база құру, Қазақстанның ірі компанияларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру және ішкі қор нарығының дамуына ықпал ету болып табылады.

Құжатпен бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске "халықтық ІРО" бағдарламасына қатысу үшін жеке тұлға- инвесторлар үшін тартымдылықты арттыру бойынша аталған бағдарлама бойынша қатысу шеңберінде алған кірістері бойынша салық органына салық есебін уақытында тапсырмағаны үшін айыппұл көлемін азайту ұсынылған.

"Жобада "Қазақстан темір жолы" АҚ, "ҚазМұнайГаз" АҚ, "Қазатомөнеркәсіп" АҚ акцияларын бұқаралық орналастыру мүмкіндігін тудыру үшін ұлттық теміржол компаниясының, магистральды теміржол желілерінің және жер қойнауын пайдаланушы ұлттық компаниялардың жалғыз акционері мемлекет болып табылатынына қатысты шектеулер алынады. Компаниялар акцияларының бақылаушы пакеті мемлекетте қалады", - деген болатын Қ. Келімбетов.

"Құнды қағаздар нарығы туралы" заңға акцияларының бақылаушы пакеті тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі эмитентке акцияларды шетелдік азаматтарға немесе заңды тұлғаларға және азаматтығы жоқ тұлғаларға сатуға тыйым салатын толықтыру енгізіледі. Бұл шектеу бастапқы орналастыруға ғана және ІРО бағдарламасы шеңберінде ғана қолданылады.

Бұдан басқа, "Акционерлік қоғамдар туралы" заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, бұқаралық компанияда еркін айналымдағы қарапайым акциялардың саны 30%-дан кем болмауға тиіс, мұнда әрбір акционер ең көп дегенде 5% қарапайым акцияға ғана ие бола алады.

Жоба авторларының ақпаратына сәйкес, ұсынылып отырған өзгерту аталған талаптың кандидат-компанияларға қатысты күшін жояды, кандидат-компанияларды еркін айналымдағы акцияларының саны ах болса да, акцияларын бастапқы бұқаралық орналастырғаннан кейін бұқаралық деп есептеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заңға "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің қор тобына кіретін ұйымдардың акцияларын орналастыру бағасы, саны және құрылымы туралы шешім қабылдауда айрықша құзыры және аталған шешімді бекіту бойынша "Самұрық-Қазына" қорының жалғыз акционерінің айрықша құзыры бойынша толықтыру енгізіледі. Түзетулер "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" заңға түзетулер енгізіледі.

Мұның алдында хабарланғандай, Қазақстанда 2011 жылдың желтоқсан айының басында 250 мыңға жуық адамның жеке идентификациялық номері болмаған. ҚР "Идентификациялық номерлердің ұлттық реестрлері туралы" заңына сәйкес, ЖИН-ді 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізу жоспарланған.

ЖИН енгізумен республика аумағында ИЖК пен СТН жойылады деп қарастырылған. ЖИН салық төлеушінің мәліметтері мен әлеуметтік жеке кодтың мәліметтерін біріктіретін бір номер болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны