08.06.2007, 14:52 2778

Қазақстанда 18-маусымнан бастап жүргізушілер күндізгі уақытта тасжолдарда жақын жарығын қосуға міндетті - жол полициясы

АСТАНА. 8 - маусым. Kazakhstan Today. Қазақстанда 18-маусымнан бастап жүргізушілер апаттылық деңгейін төмендету үшін күндізгі уақытта тасжолдармен жүрген кезде көліктің жақын жарығын қосуға міндетті. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінен хабарлады.

Комитеттің ақпараттарына сүйенсек, 25-мамырда үкімет "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылдың 25-қарашасындағы қаулысына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы" қаулысы қабылданған. Бұл құжатқа сәйкес жүргізушілер елді-мекендерден тыс жерлерде, сонымен қатар қоғамдық көліктер қалалар мен басқа елді-мекендерде тәуліктің жарық уақытында жүрген кезінде көліктің жақын жарығын қосулары қажет. "Үкіметтің сәйкес қаулысы 2007 жылдың 18-маусымында күшіне енеді",- деп атап өтті комитеттегілер.

Полициейлердің түсіндіруінше, голландиялық жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының (SWOV) мәліметтері бойынша, адам өліміне әкеп соқтыратын жол-көлік оқиғаларының 80 пайызға жуығы жол қозғалысына қатысушылардың бір-бірін дер кезінде байқамай қалуынан болады.

"Халықаралық ұйым зерттеуінің қорытындысы, тәуліктің жарық кезінде жақын жарықты қосып жүру жол-көлік оқиғасын орташа есеппен 13 пайызға төмендететіндігін көрсетіп отыр",- деп атап өтті комитеттегілер. Полицейлердің айтуынша, "жақын жарықты міндетті түрде пайдалану туралы талапты заңмен енгізу тәуліктің жарық уақытында бірнеше қатысушылармен болатын жол-көлік оқиғаларының жалпы санын орта есеппен 10 - 15 пайызға қысқартады".

Батыс елдері жақын жарықты жол-көлік оқиғаларын алдын алу шарасы ретінде бұрыннан бері белсенді қолдануда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының ішкі транспорт жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта тәуліктің күндізгі уақытында жақын жарықты міндетті түрде қолдану туралы нұсқама заңмен енгізілген елдерге Венгрия, Дания, Норвегия, Швеция, Түркия, Канада жатады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны