04.03.2010, 17:59 4408

Қазақстанда 2010 жылы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы 9 жаңа бақылау бекеті пайдалануға беріледі

Қазақстанда 2010 жылы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы 9 жаңа бақылау бекеті пайдалануға беріледі

Астана. 4 наурыз. Kazakhstan Today - 2010 жылы "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны 9 жаңа бақылау бекетін пайдалануға береді, 7 химиялық талдау зертханасы аккредитациядан өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Ресми өкілдің хабарлауынша, табиғат қорғау заңдарын бұзу фактілерінің алдын алу және жолын кесу мәселелері де Бас прокуратураның тұрақты бақылауында. Өткен жылы экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес проблемалары Құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің арнайы мәжілісінде қаралды. Қабылданған шаралар жүргізіліп отырған жұмыстардың тиімділігін едеуір көтеруге мүмкіндік берді.

"Мәселен, 2009 жылдың қорытындысы бойынша анықталған экологиялық құқық бұзушылықтар саны 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайызға, ал осы саладағы ашылған қылмыстар саны 30 пайызға артты",- деді Н.Сүйіндіков.

Оның айтуынша, бұл мәселенің өзектілігінің артып отырғанына байланысты Бас прокуратура атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдылық жағдайына талдау жүргізді. Талдау бұл саладағы мемлекеттік экологиялық мониторинг деңгейі қазіргі заманауи талаптарға сай келмейтіндігін. Бақылау бағдарламасының толымсыздығы, бекеттер мен аккредиттелген лабораториялардың жетімсіздігі атмосфералық ауаның ластану көрсеткіштерін толыққанды да сапалы талдауға мүмкіндік бермей отыр.

"Мәселен, Өскемен қаласында атмосфераға зиянды заттардың 170-ке жуық түрі шығарылады, олардың 20 пайыздан астамы қауіптіліктің 1-санатына жатады. Ал қаладағы арнаулы бекеттер тек 17 ингредиент бойынша ғана бақылау жүргізеді.

Салық кодексімен реттелмеген, сондай-ақ ластағыш заттар Тізіміне кірмеген зиянды қосындылармен қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыру мәселелері де экономикалық тұрғыда реттеуді талап етеді",- деді қадағалаушы мекеменің өкілі.

Бас прокуратураның ұсынысы бойынша еліміздің үкіметі атмосфералық ауаның жәй-күйіне ұдайы мониторинг жүйесін қалыптастыруға, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жақсартуға бағытталған бірқатар ұйымдық-құқықтық шаралар қабылдады, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде жұмыстар қолға алынды, деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны