14.04.2015, 10:59 3960

Қазақстанда 2015 жылғы І тоқсанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 6,1%, өлім-жітім 10% азайды

2015 жылғы 1 тоқсанда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 6,1% азайып, 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 61,6 құраса, өлім-жітім 10% төмендеп, 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 3,6 болды

Астана. 13 сәуір. Kazakhstan Today - 2015 жылғы 1 тоқсанда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 6,1% азайып, 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 61,6 құраса, өлім-жітім 10% төмендеп, 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 3,6 болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

2014 жылы осы дертпен сырқаттанушылық 2013 жылмен салыстырғанда 9,5%, өлім-жітім көрсеткіші 16% төмендеді. Жалпы соӊғы 10 жылда елімізде туберкулезбен ауыратындар 55%, өлім-жітім 77% азайды.

Айта кететін жайт, денсаулық сақтаудыӊ пенитенциарлық секторында да ауру көрсеткіші 17,3% төмендеп, 2013 жылы 100 мыӊ тұрғынға шаққанда 965,8 болса, 2014 жылы тиісінше 799-ды құрады.

Туберкулездіӊ дәріге төзімді түрлерін уақытында анықтау мақсатында республиканыӊ барлық өӊірлерінде BACTEC MGIT-960, Hain-test және G-Xpert сияқты ауруды тез анықтайтын әдістер енгізілді. Науқастарды бактериологиялық зерттеу алгоритмі әзірленіп, бекітілді.

Туберкулезге шалдыққаны алғаш анықталған науқастарды емдеудіӊ тиімділігі 86,4% жетті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныӊ (ДДҰ) стандарты 85% құрайды.

Елімізде соӊғы жылдары туберкулезбен ауыратын науқастарды әлеуметтік қолдау көлемі де арта түсті. 2014 жылы бұл мақсатқа 553 млн. теӊге бөлінді.

2015 жылғы 17-19 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ бастамасымен Қазақстандағы туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау барысын бағалау үшін ДДҰ сарапшылары келді. Сапар барысында олар туберкулезді анықтау, диагностикалау және тіркеудіӊ қолжетімділігі мен сапасын бағалады.

Халықаралық сарапшылар республикада бұл салада бақылау жүйесі жолға қойылып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деӊгейінде туберкулезге шалдығушылықтыӊ жаӊа оқиғаларын анықтауда белсенді жұмыстар жүргізілетінін атап көрсетті. ДДҰ сапаршылары Қазақстандағы туберкулезді есепке алудыӊ ақпараттық жүйесіне шынайы және сапалы деген баға берді.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны