11.01.2007, 16:51 3033

Қазақстанда 76 медициналық мекемені пайдалану тоқтатылды; мыңнан астам қызметкер жұмыстан шығарылды - бас прокуратура

Қазақстанда 76 медициналық мекемені пайдалану тоқтатылды; мыңнан астам қызметкер жұмыстан шығарылды - бас прокуратура

АСТАНА. 11-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстанда бас прокуратураның тексеруі нәтижесінде 76 медициналық мекемені пайдалану тоқтатылды; мыңнан астам қызметкер жұмыстан шығарылды.Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

"Жұмысты ұйымдастыруда жіберген кемшіліктері үшін республикалық қан орталығы мен СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі республикалық орталықтың жетекшілері жұмыстан босатылды",- деп хабарлайды қадағалаушы мекеме үкіметтің ресми жауабына сілтеме жасай отырып. Бас прокуратура бұған дейін үкіметке жолдаған таныстыруында денсаулық сақтау саласындағы 320-дай ұйым мен мекемеге жүргізілген тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды жоюды нұсқаған болатын.

Баспасөз қызметінің хабарламасына сәйкес, 2006-жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айлары аралығында жалпыреспубликалық прокурорлық тексеру жүргізіліп, оның барысында қан, оның құрамды бөліктері мен қан препараттарын дайындау және сақтау, донор іріктеу, медициналық іс-әрекеттер кезінде медициналық жабдықтарды пайдалану сәттерінде заңнама талаптарының сақталу жайына тексеру жүргізілді.

Прокурорлар қан орталықтарына арналған мекен-жайлардың талаптарға сәйкессіздігіне, тозығы жеткен медициналық жабдықтарды дер кезінде ауыстырмауға, донорларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге арналған қаржы көлемін негізсіз төмендетуге, сатып алынған жабдықты емдеу мекемелеріне жеткізбеуге қатысты көптеген заң бұзушылық оқиғаларының бетін ашты.

"Тексерулердің қорытындысы бойынша 30 қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде. Тек қатардағы ғана емес, сонымен бірге, емдеу мекемелерінің жетекшілері де әкімшілік және тәртіптік жауапкершілкке тартылды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі. Сонымен бірге, "уәкілетті бақылаушы мекемелерге, денсаулық сақтау мекемелері мен емдеу мекемелеріне заң бұзушылықтарды жою жөнінде 152 таныстыру жолданды".

Үкіметтің жауабында атап көрсетілгеніндей, донор қаны компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін "Қан дайындау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі 2007-2009-жылдарға арналған шаралар туралы" арнаулы бағдарламаның жобасы жасалды. Сонымен қатар науқастарды донор қанымен қамтамасыз ету, қан орталықтарын материалдық-техникалық жабдықталу жағдайын жақсарту үшін биыл 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Үкімет сонымен бірге медициналық және дәрігерлік қызметке лицензия беруге қатысты жаңа квалификациялық талаптар қарастырылған қаулының жобасы мен медициналық жабдықтарды сатып алу ережелерін реттейтін нормалардың жобасы жасалды. Сонымен бірге 2008-жылдан бастап қан дайындау қызметінің мамандарын шетелдерде дайындай бастау межеленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны