10.01.2007, 13:29 2656

Қазақстанда бір реттік шара аясында 164 еңбек мигранты заңдастырылды

АСТАНА. 10-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстанда бір реттік шара аясында ТМД елдерінің 164 586 азаматы еңбек мигранттары деген мәртебеге ие болды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаев құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Шара басталар алдындағы болжамға сәйкес, 100 мыңдай заңсыз еңбек мигранты заңдастыру мүмкіндігін пайдаланады деп күтілген болатын",- деді А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, еңбек мигранттары ең көп заңдастырылған ел Өзбекстан - 117 133 адам ( жалпы заңдастырылғандардың 71,1%), Қырғызстан - 23 856 (14,5%), Ресей - 10 760 (6,5%), Тәжікстан - 4673 (2,8%) болып табылады.Тағы 8164 еңбек мигранты басқа да ТМД елдерінен.

Заңдастырылған еңбек мигранттарының басым бөлігі құрылыс нысандарында істейді. Вице-министрдің мәліметінше, ондай адамдардың саны 115 072 адам (жалпы заңдастырылғандардың 70 проценті) болды. ІІМ-нің мәліметіне сәйкес, 22 998 адам қызмет көрсету саласында (14%), 13 258 адам ауылшаруашылығы саласында (8%), тағы 5852 адам басқа салаларда (3,5%) істейді. А.Шпекбаев жалдамалы жұмыстарда істейтін 7406 адам (4,5%) заңдастырылғанын ерекше атады.

ҚР ІІМ мәліметтерінше, еңбек мигранттары ең көп заңдастырылған өңірлер - Алматы қаласы (25 199 немесе 15,3%), Оңтүстік Қазақстан облысы (22 051 адам немесе 13,3%), Алматы облысы (19 512 адам немесе 11,8%), Астана қаласы (10 мыңнан астам), сондай-ақ, Атырау, Қарағанды және Маңғыстау облыстары болып табылады. "Заңдастырылған еңбек мигранттары ең жоғары жалақы алатын жер Астана - 26 700 теңге, ал республика бойынша орташа алғанда - 10 890 теңге болды",- деді А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі келтірген алдын-ала есеп бойынша, бір реттік шараның нәтижесі бойынша бюджетке салық түрінде 1 млрд. теңгеге дейін түсім түседі деп межеленген. "Осы министрліктің есебінше, 2007-жылы заңдастырылған шетелдік еңбек мигранттарының жалақысынан бюджетке аударылатын салық мөлшері айына 340 млн. теңгеден, ал жылына 4 млрд. теңгеден асады деп күтуде",- деді ішкі істер вице-министрі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, шара 2006 жылы 4 шілдеде қабылданған "Заңсыз еңбек мигранттарына рақымшылық жасау туралы" заңды жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Заңдастыру шарасы осы заңның жүзеге асуына дейін Қазақстанға алпыс күнтізбелік күн бұрын келген шетел азаматтарына қатысты қолданылады. Оларға айрықша үлгідегі жаңа көші-қон карточкасы беріледі. 1-ші тамызда басталған шара желтоқсанның 31-не дейін жалғасты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны