04.09.2009, 17:16 3265

Қазақстанда елдің технологиялық дамуын басқаратын жүйе жоқ - Назарбаев

Қазақстанда елдің технологиялық дамуын басқаратын жүйе жоқ - Назарбаев

Астана. 4 қыркүйек. Kazakhstan Today - Қазақстанда елдің технологиялық дамуын басқаратын жүйе жоқ. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңестің отырысы барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Үкімет еліміздің ғылымы мен шетелдік инвесторлардың ықпалдастық жүйесін құрған жоқ, ал ондай жүйе шетелдік серіктестеріміз жүзеге асырып жатқан жобаларға тұрақты талдау жасап, бағалар еді", - деді мемлекет басшысы.

"Біз импорттық технологияларды ұдайы әкелеміз, бірақ білім қорын жинақтайтын база құрмаймыз және өз технологиямызды дамытуға септігімізді тигізбейміз", - деді президент.

Осыған байланысты Елбасы үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Оның айтуынша, Қазақстанда министрліктерге отандық жаңашылдықтарды алға жылжытуға мүмкіндік беретін заң болуға тиіс. Н. Назарбаев жеке меншік компанияларды ұлттық технологияларды пайдалануға міндеттеу қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен бірге мемлекет басшысы салалар, министрліктер мен ұлттық компанияларда технологиялардың енгізілуін қадағалау және инженерлік талдау жасау жөніндегі ғылыми-техникалық бөлімшелер құруды тапсырды. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті арттыра түсу қажетті жекелеген салаларда отандық Ғылыми-зерттеу институттары мен шетелдік серіктестер арасында кооперациялар болуы тиіс екендігі атап көрсетілді.

"Бизнес, ғылым мен білімді үйлестіру жүйелерін қамтамасыз ету қажет, олар білім қорын жинақтау, ақпаратпен жедел алмасу, технологиялық шешімдерді жасап енгізуді қамтамасыз етуге тиіс", - деді Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны