06.05.2013, 13:02 3768

Қазақстанда малды сәйкестендіру бойынша интернет-порталды іске қосу 2013 жылдың жазына жоспарланған

Бұл туралы ведомство вице-министрі Гүлмира Исаева Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында хабарлады.

Астана. 6-мамыр. Kazakhstan Today - Ағымдағы жылдың жазында Ауыл шаруашылық министрлігіне ауыл шаруашылық малдарын сәйкестендіру бойынша веб-портал пайдалануға беру жоспарланған, онда республикадағы мал басының нақты есептік және сапалық сипаттамасы қамтылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы ведомство вице-министрі Гүлмира Исаева Primeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында хабарлады.

"Қазіргі уақытта "Ауыл шаруашылық малдарын сәйкестендіру" веб-порталы жобасы жасалып, Ақмола облысында тестілеу жүргізіледі, сонымен бірге тестілеу Павлодар облысында да жүргізіледі. Ағымдағы жылдың мамыр-маусымында тестілеуді аяқтау жоспарланған, ресурстарды пайдалануға берген соң барлық облыстардың, аудандардың ветеринарлық мамандары сәйкестендірілген мал басы бойынша актуальдендірілген мәліметтерді веб-порталға енгізе алады - сонда барлық мәлімет алақандағыдай көрінеді", - деді Г.Исаева.

Осылайша, вице-министрдің айтуынша, кез-келген фермер, мал иесі интернет арқылы порталға кіріп, малдың туылғаны, келгені, мал басының кемуі туралы өтінім толтыра алады, ол мәліметтер базасына жіберіліп, жергілікті мал дәрігерінің жұмыс папкасында пайда болады.

"Порталға халықаралық стандарттармен белгіленген кең спектрдағы ақпарат енгізіледі. Оған ең алдымен мал биркасының нөмірі, жеке сәйкестендіру коды, туылған уақыты мен жері, енесінің бирка нөмірі, тұқымдық, өнімділік сипаттамалары, жүргізілген вакцинациялар, ауырған аурулар (денсаулық төлқұжаты), фермерлік шаруашылықтың атауы, мал иесінің мәліметтері кіреді", - деп түсіндірді Ауыл шаруашылық министрлігі басшысының орынбасары.

"Осылайша, электрондық портал келешекте малдың өміршеңдік кезеңін - туғанынан бастап сойғанға, сатқанға дейін, сол малдың еті тұтынушының үстеліне жеткенге дейін бақылауға алуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Г.Исаева.

"Мысалға, Жапонияда сатып алушы еттегі бирка арқылы барлық мәліметті, қай жерден, қай үйірден, қай шаруашылықтан екенін, қалай вакцинацияланған және т.б. оқи алады. Бүгін біз азық-түлік қауіпсіздігінің шамамен осындай стандартына ұмтыламыз, сонда түпкілікті тұтынушы ауыл шаруашылық өнімі туралы негізгі ақпаратты бирка бойынша ала алады. Бұдан өзге, биркадағы ақпарат малдың жоғалуын, мал ұрлауды анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, егер малды сатуға әкелсе, бірақ шаруашылықтан шығарылмаса ол ұрланған болуы мүмкін", - деп жалғастырды ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сканерлік құрылғылармен ветеринарлық пункттерден басқа, барлық мал соятын орындарды, ет-сүт өнімдерін сатудың ірі орындарын қамтамасыз етуді жоспарлады, олар биркадағы мәліметті оқып, мәліметтерді порталға автоматты режимде тапсыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, вице-министр Г.Исаева атап өткендей, мал басын жөнді есептеусіз біз саланың жалпы дамуын, ветеринарлық-азық-түліктік қауіпсіздікті дұрыс бақылауды қамтамасыз етуді жоспарлай алмаймыз.

"Қазақстан Кедендік одақ аумағындағы малды сәйкестендірудің осындай бағдарламасын жасап, іске асырған бірінші ел болды, қазір Ресей және Белорусьтегі серіктестеріміз біздің тәжірибемізді зерттеп, осы бағытта қадамдар бастауда", - деді ведомство өкілі.

Министр орынбасарының айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру кезінде ең үздік шетелдік іс-тәжірибеге, мал шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, өз әрекеттерін түзетуге тура келді.

"Егер басында міндет жай ғана малдарды нөмірлеп шығып, мал басының санын нақты анықтау болса, қазір біз алға ауқымды міндеттер қойдық - өңірлік орналасуды түсіну, малдардың орнын ауыстыруды бақылау, бірқатар маңызды параметрлер бойынша үйірдің жағдайын бекіту, аса қауіпті аурулардың таралмауын бақылау, және айта кетерлік мәселе - портал ішіндегі мәліметтерді зерттей отырып, мал шаруашылығы саласындағы жүзеге асырылатын бағдарламалардың тиімділігін талдау, тенденцияларды, әлсіз буындарды анықтап, мәселелерді шешу жолдарын табу", - деп қортындылады Г.Исаева.

ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметі бойынша 2011 жылы ірі қара малды сәйкестендірумен 5,4 млн мал басы қамтылған. 2012 жылы 1,2 млн ірі қара мал (67%), 9,9 млн ұсақ мал (58%), 0,5 млн шошқа (43%), 46,6 мың түйе (11%), 358,2 мың жылқы (26%) сәйкестендірілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны