05.07.2011, 12:05 3287

Қазақстанда полиция қызметкерлері 1,5 жыл ішінде 11 мың қылмысты жасырып қалған

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, 1,5 жылда прокурорлар ішкі істер органдары есепке алмай, жасырып қалған 11 мың қылмыстық анықтаған.

Астана. 5-шілде. Kazakhstan Today - Қазақстанда полиция қызметкерлері 1,5 жыл ішінде 11 мың қылмысты жасырып қалған, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, 1,5 жылда прокурорлар ішкі істер органдары есепке алмай, жасырып қалған 11 мың қылмыстық анықтаған.

"Тек соңғы 1,5 жылда жасырылған 11 ымң қылмыс анықталды", - делінген Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарда.

Дүйсенбі күні Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы М.Тәжиннің қатысуымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен алқа мәжілісі өтіп, онда ішкі істер органдарындағы есепке алу-тіркеу тәртібі және құқық қорғау қызметіндегі баға беру өлшемін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Алқа жұмысына Бас прокуратура және ІІМ басшылары мен алқа мүшелері, облыс прокурорлары мен ішкі істер департаменттерінің бастықтары қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы облыстық, қалалық және аудандық буындардағы прокурорлар мен ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері қатыстырылды.

Құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігіне қойылып отырған жаңа талаптар аясында, Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметінің баға беру өлшемдерін жетілдіру, қылмысты жасырғаны үшін дербес жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қылмыстар мен оқиғалар туралы арыз-шағымдарды тіркеу, есепке алу және қараудағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жасады. Жиналыста есепке алу, тіркеу тәжірибесін жетілдіру және оған сапалы түрде жаңа көзқарас енгізу, қылмыстарды жасыру деректерін болдырмау жолдары талқыланды. Мәжіліске қатысушылар атап өткендей, мәселенің маңыздылығы мен өткірлігіне деген жалпы түсіністік қойылып отырған міндеттерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беруі тиіс.

Қабылданып отырған шараларға қарамастан, ішкі істер органдарындағы есепке алу-тіркеу тәртібі аса өткір мәселе күйінде қалып отыр.

Соңғы бір жарым жыл ішінде ғана 11 мыңнан астам жасырылған қылмыс анықталды. Құқық қорғау қызметінің нәтижелілігін бағалаудың ескірген өлшемдері, соның ішінде қылмыстардың ашылу пайызы, сонымен қатар арыздарды қабылдау мен қараудың көпсатылы нысандарының болуы осындай жағдайдың негізгі себептері болып отыр. Қылмыстық істі қозғаудан бас тарту және арызды есепке алудан жасырып қалу тәрізді қылмыстарды жасыру әдістері неғұрлым кеңінен таралған.

Қалыптасқан жағдай түбегейлі өзгерістерге алып келетін жаңа шешімдер мен жүйелі шаралар қабылдауды қажет етеді. Осыған байланысты, құқық қорғау қызметін бағалау өлшемдерін өзгерту, сонымен қатар қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды тіркеудің түбегейлі жаңа механизмдерін енгізу қажет деп шешілді. Тіркеу қызметтерінің жедел-іздестіру бөлімшелері мен жергілікті ішкі істер органдары басшыларының әсерінен тыс болуы қылмыстардың неғұрлым толық тіркелуіне септігін тигізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны