30.11.2011, 10:38 8689

Қазақстанда тараздық лаңкестің алты сыбайласы ұсталды

"Қазіргі уақытта аталған қылмыстарды жасауды ұйымдастырды деген күдікпен 6 адам, соның ішінде үстіміздегі жылдың басында құрылған, құрамына Мақсат Қариев кірген осы қылмыстық топтың рухани жетекшісі де ұсталды", - деп мәлім етті ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков сәрсенбі күні өткен брифингте.

Астана. 30-қараша. Kazakhstan Today - Қазақстанда тараздық лаңкестің алты сыбайласы ұсталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазТаг ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, тергеу тараздық лаңкестің 6 сыбайласын анықтады. Бұл туралы ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

"Қазіргі уақытта аталған қылмыстарды (Тараздағы теракт - ҚазТАГ) жасауды ұйымдастырды деген күдікпен 6 адам, соның ішінде үстіміздегі жылдың басында құрылған, құрамына Мақсат Қариев кірген осы қылмыстық топтың рухани жетекшісі де ұсталды", - деді ол сәрсенбі күні брифингте.

"Топ дүкендерге, банктерге және валюта айырбастау қосындарына тонаушылық, қарақшылық шабуыл жасауды жоспарлаған. Топтың әрбір мүшесінің криминалдық өткені болған және бұрын пайдакүнемдік мақсаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарын жасағаны үшін ұсталған", - деді Н. Сүйіндіков.

Бас прокуратураның ресми өкілінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта тергеу 12 қарашада Тараз қаласында жасалған қылмысқа қатысты жағдайдың бәрін анықтады.

"Қылмыстарға қатысы бар адамдардың бәрі ұсталып, қамауға алынды", - деп атап көрсетті ол.

Тергеу олардың 2004 жылы Жеке батыр санаториінің тұрғынын - 1918 жылы туған қарт Зейнел Тоқтаровты тонау мақсатымен кісі өлтіргенін, 2010 жылы Қаратау қаласында ұрлық жасағанының дәлелін тапты. Бұдан басқа, тергеудің аталған топ мүшелерінің Алматы мен Атырау қалаларында пайдакүнемдік-зорлық қылмыстар жасағаны туралы мәліметтері бар. Қазір бұл ақпарат тексеріліп жатыр.

Сонымен қатар, сараптама М. Қариевтің қылмыс жасағанда есірткіге елтіп алғанын көрсетті.

"Топ жетекшісі дін идеяларын жамылып, өзін рухани ұстаз ретінде көрсетіп, қылмыстық топтың мүшелеріне ислам мемлекетік құру үшін джихад жасау, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін өлтіру идеяларын насихаттап, сендірген",- деді Н. Сүйіндіков.

"Ортақ ойды жүзеге асырған Қариев топтың басқа мүшелерінің көмегімен РПГ-26 танкіге қарсы гранатаатқышын сатып алған. Сонымен бірге, РГД-5 гранатасы, ПМ тапаншасы, 16 калибрлі аңшы мылтығынан жасалған екі шолақ қару және ұсақ калибрлі мылтықтар сатып алынған. Қариев қару-жарақты өз үйінде сақтаған, кейін екі сыбайласы тұрған пәтерге апарған.

Н. Сүйіндіковтың ақпаратына сәйкес, 2011 жылдың 6 қарашасында бұл пәтерде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 12 қарашада қарулы шабуылдар ұйымдастыруға байланысты мәселелер талқыланды.

Топтың рухани жетекшісі облыстық ҰҚКД мен әкімдік ғимараттарының схемаларын сызып берген. Орындаушы ретінде М. Қариев белгіленді. Жоспарда атыс қаруын алу мақсатында "Маке и К" аңшылық дүкеніне шабуыл алдын ала жоспарланған.

"Қаламен жүру үшін алдын ала келісім бойынша Mazda көлігінің жүргізушісі тартылды, кейін ол Қариевті қару-жарақ дүкеніне жеткізіп салған. 2011 жылдың 11 қарашасында қару "Шинник" кооперативіндегі гаражға ауыстырылды. 12 қарашада таңертең топ мүшелері қару-жарақтың бәрін көлікке артқан. "Қазақтелеком" АҚ жұмыскерінің киімін киген Қариев серіктестерімен қоштасып, әрекетке көшкен", - деді Н. Сүйіндіков.

Ол оқиғалардың кезектілігін де айтып берді. "11 сағат 20 минутта Қариев "Маке и К" аңшылық дүкеніне шабуыл жасап, оның күзетшісі мен кездейсоқ сатып алушыны өлтірген. Қариев дүкеннен Сайга, СZ жартылай автомат қару мен жарақтар алған. 11 сағат 49 минутта қылмыскер "у Дяди Вити" дүкеніне басып кіріп, еденге оқ атып, қарумен қорқытып ВАЗ 21099 көлігін тартып алған".

Бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, осыдан кейін М. Қариев көлікке мініп, Лұқманов көшесіне бет алған, сағат 12.05-те ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің екі қызметкеріне шабуыл жасап, өлтірген.

12.10-да Лұқманов пен Грэсовская көшелерінің қиылысында М.Қариев өзін іздеп тұтқындауға шыққан полиция нарядына оқ жаудырған. Атыс кезінде екі полицей қаза тауып, біреуі жарақат алды. Осы жерде М.Қариев қаза болған полицейлердің қарулары - Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын иеленген.

12.32-де М.Қариев Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД ғимаратына келіп, гранатаатқыштан бір рет атып, ғимаратқа автоматтан оқ жаудырған.

"Қылмыс орнынан қаша жөнелген Қариев тұйыққа кіріп, машинаны тастап, баққа қарай жүгірген. Жолында кездеске атты патрульге оқ атып, ішкі істер органдарының екі қызметкері мен қызметтік атты жаралаған", - деді Н. Сүйіндіков.

Осыдан кейін М.Қариев халық көп жүретін Радищев көшесіне жетіп, өзінің ізін аңдыған жол полициясы басқармасының қызметкерлеріне оқ ата бастаған. ІІД жол полициясының 1 взводының командирі Ғазиз Байтасов кеудесінен қатты жарақат алғанына қарамастан, қылмыскерді ұстап, жерге жыққан.

Осы кезде 12.52-де М.Қариев РГД-5 гранатасын жарып жіберген. Капитан Ғ.Байтасов пен М.Қариев оқиға орнында қаза болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны