18.07.2007, 18:23 2700

Қазақстанда Төтенше жағдайлар жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы дайындалуда

АСТАНА. 18 шілде. Kazakhstan Today. Қазақстанда Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы дайындалуда. Бұл туралы бүгін "Eurocopter" компаниясының вице-президенті Оливер Мишалонмен кездесуде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз министрлікті техникамен жабдықтау жөніндегі бағдарламаның жобасын жасадық. Осы мәселе бойынша үкіметтің қаулысы қабылданған, біз құжаттарды президенттің әкімшілігіне жолдадық. Қазір Төтенше жағдайлар жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны қабылдау қажеттігіне негіздеме дайындау үшін Қауіпсіздік кеңесімен жұмыстар жүргізіп жатырмыз", - деді В. Храпунов. Министрдің айтуынша, бұл бағдарламада "министрліктің бір бөлімшесі болып табылатын "Қазавиаспас" мекемесін техникамен жабдықтау жайы қарастырылады.

"Біз қазір Ресейдің БЕ-200 ұшағын сатып алуға келісім-шарт жасасу мәселелерін қарастырып аяқтадық. Бұл суға қонып, 13 тоннаға дейін су жинай алатын және Қазақстанда жиі шығатын орман және далалық өрттерді сөндіре алатын техника", - деді В. Храпунов. "Бұл ұшақ өзінің техникалық сипаттамаларымен канадалық баламасынан әлдеқайда артық. Біз зауытпен алдын-ала келіссөздер жүргіздік, ниет хаттамасына қол қойылған, қазір ұшақтарды 2008-жылы сатып алу мәселелері дәйектелуде", - деді ол.

""Қазавиаспас" мекемесін техникамен жабдықтаудың келесі кезеңінде шығыста -Өскемен, батыста -Атырау, солтүстікте- Қостанай, оңтүстікте -Қызылорда, сондай-ақ, Алматы және Астана қалалары секілді біздің алты орталықты жеңіл және орта класты тікұшақтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылады", - деді министр. "Үкіметте қолдау тапқан осы бағдарлама қаралғаннан кейін, таяу уақыттарда біз ұшу аппараттарын сатып аламыз деп сенемін. Нәтижесінде төтенше жағдайларға шұғыл жауап қатып, оқиға орнына құтқарушылар мен дәрігерлерді жедел жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз", - деді ол.

Министр сондай-ақ, "келешекте осындай техниканың барлық облыс орталықтарында, ТЖМ-нің барлық бөлімшелерінде болғанын қалар едік, бұл бақылау, барлау және патрульдік қызметтерді жүзеге асыру үшін қажет" , деп атап өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Төтенше жағдайлар министрлігі "Eurocopter" компаниясынан елімізге 48 тікұшақ алу жөнінде алдын-ала келісімге келді. Осы жөніндегі ниет хаттамасына бүгін Астанада қол қойылды

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны