04.03.2008, 16:36 4432

Қазақстандағы есірткінің заңсыз айналымы нарығында баға жағдайы өзгеріске ұшырады

Қазақстандағы есірткінің заңсыз айналымы нарығында баға жағдайы өзгеріске ұшырады

Алматы. 4 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстандағы есірткінің заңсыз айналымы нарығында баға жағдайы өзгеріске ұшырады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ есірткі саудасымен күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің төрағасы Маратқали Нүкенов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Барлық шұғыл құрылымдар қызметінің белсенділігінің артуына байланысты есірткінің заңсыз айналымы нарығында баға жағдайы өзгерді. Шұғыл мәліметтерге сүйенсек, солтүстік аймақтарда героинның орташа нарықтық бағасы екі есеге жуық артқан. Ал оңтүстік облыстарда өсім шамамен 130 пайызды құрап отыр", - деп хабарлады М. Нүкенов.

Оның айтуынша, Қазақстанда нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес стратегиясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 500 млн теңге бөлінеді. Ол сондай-ақ, қаржыландыру көлемін жыл сайын шамамен 20 пайызға арттыру көзделіп отырғанын атап көрсетті.

М. Нүкенов еліміздің оңтүстігінде "Оңтүстік" және "Алқап атырауы" арнайы бөлімшелері құрылғанын хабарлады. Бұл бөлімшелердің қызметі ауыр есірткілердің тасымал арналарын анықтауға, Қазақстан жерінде өсетін канабистің таралуының алдын алуға бағытталған.

ІІМ өкілінің айтуынша, Қазақстанда қазіргі уақытта канабистің заңсыз өсірілуін мониторингтен өткізу жүйесі қалыптасып келе жатыр. Бұл үшін алыстан басқару технологиясын пайдалана отырып канабис өсетін жерлердің картасы жасала бастады. Балама жобалар да жасалуда. Олардың қатарында сораны өнеркәсіптік қайта өңдеу мен Шу алқабындағы жабайы өсетін сораны жою бар.

М. Нүкенов хабарлағандай, ІІМ нашақорлық пен есірткі саудасын тамырымен жою мақсатында республикада есірткі пайдалануға жалпыға бірдей тест өткізуді енгізуді ұсынып отыр. ІІМ өкілі тағы бір шарасы ретінде есірткімен байланысты қылмыс заңнамасын қатаңдатуды атады. "Заңнамалық базаны жетілдіру қажет. Есірткі саудасын жасағаны үшін өмір-бақи бас бостандығынан айрылу жазасы енгізілетін заң жобасы парламент сенатының қабылдауында жатыр. Көңіл көтеретін орындар, ойын-сауық орталықтары бойынша және есірткіні жоюға қатаң шаралар қолдану қажет", - деді М. Нүкенов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны