19.02.2014, 19:47 3638

Қазақстандық кейбір банктердің банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпаратты таратуға қатысы бар бірқатар тұлғалар анықталды

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тиісті арыздардың негізінде банктердің қаржылық ахуалы жөніндегі жалған ақпаратқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жөніндегі жедел-іздестіру шараларын кешенді түрде жүргізуде. Бірқатар тұлғалар анықталды және оларға қатысты қажетті тексеру шаралары жүргізілуде.

Алматы. 19 ақпан. Kazakhstan today. Қазақстандық кейбір банктердің банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпаратты таратуға қатысы бар бірқатар тұлғалар анықталды, деп хабарлайды Kazakhstan today.

"Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тиісті арыздардың негізінде банктердің қаржылық ахуалы жөніндегі жалған ақпаратқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жөніндегі жедел-іздестіру шараларын кешенді түрде жүргізуде. Бірқатар тұлғалар анықталды және оларға қатысты қажетті тексеру шаралары жүргізілуде. Талап арыздар берілді. Қазір қылмыстық іс қозғау жөніндегі мәселе шешілуде",- деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.

Бас прокуратураның хабарлауынша, жалған хабарламаларды таратуға кінәлі тұлғалардың барлығы қылмыстық қудаланумен қоса, материалдық және заңмен белгіленген өзге де жауапкершіліктерге тартылатын болады.

Өздеріңізге мәлім, соңғы күндері әртүрлі коммуникация құралдары арқылы (әлеуметтік желілерді қоса алғанда интернет-хабарламалар, СМС) "Центр Кредит" Банкі, "Каспи Банкі" және "Альянс банкінің" банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат таралды.

"Осы хабарламалар аталған банкілердің салымшыларын дүрліктіріп, оларды банктік шоттардағы қаражаттарын жаппай алуға итермелеуде. Нәтижесінде, бұл әрекеттер жүйе құраушы банктерге айтарлықтай зиян келтірді, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеліп соқты, сондай-ақ елдегі қаржы институттарына деген тұрғындардың сеніміне нұқсан келтірді. Аталған банктердің банкрот алдындағы жағдайы туралы жалған ақпараттың ешбір негізі болмағандығы және болуы мүмкін еместігі анықталды. Сәйкесінше, таратылып жатқан мәліметтер көрінеу жалған болған және банктік саладағы ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған",- деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны