03.04.2015, 23:00 4069

Қазақстандық ту Вьетнам жерінде алғаш рет желбіреді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісініӊ Төрағасы Қабиболла Жақыповтыӊ Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Ханой қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігініӊ жаӊа ғимаратыныӊ салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға қазақстандық парламентарийлер делегациясы, Вьетнамныӊ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдары және дипломатиялық корпустыӊ өкілдері қатысты

Астана. 3 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісініӊ Төрағасы Қабиболла Жақыповтыӊ Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары барысында Ханой қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігініӊ жаӊа ғимаратыныӊ салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға қазақстандық парламентарийлер делегациясы, Вьетнамныӊ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдары және дипломатиялық корпустыӊ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Лентаны кесу рәсімінен кейін Қазақстан Республикасыныӊ әнұраныныӊ салтанатты әуенімен Отанымыздыӊ көк байрағы Елшіліктіӊ үстінен көтерілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісініӊ Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз сөзінде Қазақстанныӊ Вьетнамдағы Елшілігініӊ ашылуы тараптардыӊ екі жақты қатынастарды нығайтудыӊ жарқын дәлелі болып табылатыны және бұл елдеріміздіӊ ерекше достық қарым-қатынастарыныӊ, сенімі және серіктестігініӊ белгісі деп атап өтті, деп хабарлайды www.mfa.kz тілшісі.

Вьетнам Сыртқы істер министрініӊ орынбасары Буй Тхань Шон екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды атап өтіп, Ханойда Қазақстан Елшілігініӊ ашылуы Қазақстан басшылығыныӊ Вьетнаммен ынтымақтастықты дамытуға шын ниетініӊ дәлелін растап, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі кеӊейту мен тереӊдетуге қызмет етеді деп атап өтті.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дипломатиялық қатынастардыӊ орнағанына 22 жыл болды. Қазақстан Республикасыныӊ Президенті Нұрсултан Назарбаевтыӊ Қазақстан Республикасыныӊ Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігін ашу туралы Жарлығы 2013 жылғы қараша айында жарияланған, ал Вьетнамныӊ Астанадағы Елшілігі 2008 жылдан бері өз қызметін атқарып келеді. Қазақстанныӊ Вьетнамдағы Елшісі Бекетжан Жұмаханов сенім грамоталарын Вьетнамныӊ Президенті Чыонг Тан Шангқа 2014 жылғы 6 наурызда табыс етті.

Екі елдіӊ сауда айналымы 2014 жылы 271,9 млн. АҚШ долларын құрап, соӊғы 5 жыл ішінде 3 есе жоғарылады (2009 ж. - 88,379 млн. АҚШ долл.).

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны