06.04.2012, 13:44 3855

Қазақстандық турист жалған айыппен 20 күннен бері Өзбекстан түрмесінде қамауда жатыр

Тарихи ескерткіштерді тамашалауға аттанған қос отандасымыз қолдарындағы нетбуктың ішіндегі діни бейнероликтер үшін істі болған. Ұсталғандардың бірі Ақмарал Шәкірова босатылғанымен, Ермек Қосмағамбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Алматы. 6-сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстандық турист жалған айыппен 20 күннен бері Өзбекстан түрмесінде қамауда жатыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, оны 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырмақ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Елбасынан, құқық қорғау органдарынан көмек сұрап келген аталмыш істің куәгері Ақмарал Шәкірова мәлім етті.

Тарихи ескерткіштерді тамашалауға аттанған қос отандасымыз қолдарындағы нетбуктың ішіндегі діни бейнероликтер үшін істі болған. Ұсталғандардың бірі Ақмарал Шәкірова босатылғанымен, Ермек Қосмағамбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Ақмарал Шәкірованың айтуынша, Ермек Қосмағамбетовке экстремистік сипаттағы бейнефильмді, Өзбекстан елінде таратып, уағыз жүргізбек болды деген айып тағылып отыр. Енді ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Шын мәнінде нетбуктегі 6 файл еш экстремистік сипаттағы бейнефильмдер емес. Жай ғана "мұсылман", "ислам" сөздерінің қандай мағына беретіні жөнінде баяндайтын діни фильмдер. Онда үгіттеу, насихаттау жайлы бірде-бір сөз жоқ. Ол фильмдерді хаттама жасау кезінде мен де көрдім. Екіншіден, біз ол роликтердің бар екендігін білмедік. Өйткені, ол досымның қарындасының нетбугі болатын. Оның көлемі кішірек, жеңілдеу болған соң алған едік. Кейіннен қарындасынан сұрасақ ол ондай фильмдерді салмағанын және олардың тіпті бар екендігін білмеген болып шықты. Қарындасы нетбукті қара базардан өткен жылы сатып алғандығын айтты. Біз ол нетбукті фотосуреттерді сақтау үшін алып шаққан болатынбыз", -деді ол.

"Біз досым Ермек Қосмағамбетов екеуміз Наурыз айында болған бес күндік демалысты пайдаланып көптен бері армандап жүрген Бұқара қаласына, ондағы ежелгі архитектураны, Өзбек елінің Наурыз мерекесін қалай тойлайтынын көріп қайту мақсатында бардық. Шекарада осы фильмдер үшін экстремиссіңдер деп, адвокат талап еткенімізге қарамай, бізді үш күнге қамап тастады. Біздің құқығымызды бұзып, не телефон соқтырмады. Барлық құжаттарымызды, телефон, ақшаларымызды алып қойды. Бір жарым да екі метрлік камерада үш күн бойы 9 адам болып отырдық. Үш күннен соң мені босатты. Бізді іздеп келген Ермектің әкесі екеуміз адвокат жалдадық. Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінен көмек сұрап барғанда арызды Алматыдан жіберіңдер деді. Біз телефон арқылы Ермектің анасына жазуды сұрадық. Ол Алматыдан арызды жіберді",- деді А.Шәкірова.

72 сағаттың ішінде ресми жауап беруі тиіс Өзбекстан тарапы, 30 наурыз күні жабық сот отырысын өткізіп, қолда бар айғақтар бойынша Ермекті уақытша тергеу абақтысында қалдыру жайлы үкім де шығарып үлгерді.

"Біз бұл іске қатысты тәуелсіз тексеруді талап етеміз және барлық мемлекеттік органдардан, жоғарғы құқық қорғау орындарынан көмек сұраймыз", - деп өтінеді Ермектің туған-туыстары мен ата-анасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны