22.04.2010, 17:05 3171

Қазақстанның Бас прокуратурасы Гуревичтің Қазақстан аумағында ұсталғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстанның Бас прокуратурасы Гуревичтің Қазақстан аумағында ұсталғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды

Астана. 22 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстанның Бас прокуратурасы MGN Group холдингінің бұрынғы бас директоры Евгений Гуревичтің Қазақстан аумағында ұсталғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Гуревичтің Қазақстан аумағында ұсталғандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

"19 сәуірде Қырғызстан жағынан оны Қазақстан аумағынан экстрадициялау туралы өтініш келіп түсті. Бұл өтініш бойынша Бас прокуратура тарапынан кеше ҚР ІІМ-нің Криминалдық полиция комитетіне Гуревичті іздестіру туралы тапсырма берілді", - деді ол.

Кеше ресейлік БАҚ-тар Е. Гуревичтің Алматыда ұсталғаны және оны Қырғызстанға экстрадициялау туралы мәселе шешіліп жатқаны туралы, ал Қырғызстанда оны қамауға алуға санкция берілгені туралы ақпарат таратқан болатын.

Ал бұдан ертеректе Қырғызстанда осы елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевтің үстінен 16 сәуірде Қырғызстанның Қылмыстық кодексінің 304-бабы (лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану) және 185-ші бабы (мемлекеттік несиені мақсаттан тыс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Қырғызстан үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы келісімге 2009 жылдың 3 ақпанында қол қойылып, соған сәйкес Қырғызстанға 300 млн доллар көлеміндегі мемлекеттік несие жылдық 0,75%-дық ставкамен 40 жылға берілген. Ал "Қырғызстанның Даму қоры" ЖАҚ-ның директолары кеңесінің төрағасы болған М. Бакиев өзінің лауазымдық өкілеттілігін пайдалану арқылы қызметтік мүддені ысырып қойып, өз басына пайда табу үшін ресейлік несиенің 35 млн долларын "Манас банк"ЖАҚ, "АзияУниверсалБанк"ААҚ, "КыргызКредитБанк"ААҚ, "Кыргызский инвестиционный кредитный банк" ЖАҚ мен "Бакай банк" ЖАҚ-ында депозитке салған", - деп хабарлады Қырғызстанның Бас прокуратурасы.

"Ал қалған 226 млн долларды "Қырғызстанның Даму қоры" ЖАҚ-ның бас директоры Алексей Елисеев М. Бакиевпен алдын-ала ымыраласу арқылы Е. Гуревичтің компаниясы - "MGN Asset Management" ААҚ-ына ("MGN Group" ЖАҚ-ның еншілес компаниясына) берген. Ал соңғысы болса, республикадан тысқары жерлердегі қор биржаларында алыпсатарлық операциядармен айналысып, пайда табу үшін бағалы қағаздар саудасымен шұғылданған", - делінген Қырғызстан Бас прокуратурасының хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны