03.12.2009, 18:38 2951

Қазақстанның Бас прокуроры Алматы қалалық ҰҚКД басшыларының қызметтен шеттетілуін Жантелеевтің ісімен байланыстырмайды (толықтырылған)

Қазақстанның Бас прокуроры Алматы қалалық ҰҚКД басшыларының қызметтен шеттетілуін Жантелеевтің ісімен байланыстырмайды (толықтырылған)

Астана. 3 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алматы қалалық ҰҚКД басшыларының қызметтен шеттетілуі Алматы қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің ісімен байланысты емес. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат Мәми бүгін ТМД елдерінің бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында журналистер сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Мен Алматы қалалық ҰҚКД басшысы мен оның екі орынбасарының қызмет бабындағы міндеттерін атқарудан шеттетілуін тікелей осы іспен байланыстыра алмаймын", - деді Қ. Мәми.

"Мен бұл жерде Қазақстанның құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары арасында жүйелік қарсыластық байқалады деп айтпас едім. Бұл, өкінішке орай, Алматы қалалық ҰҚК қызметкерлері тарапынан жіберілген бір кемшіліктің дерегі", - деді ол.

Еске сала кетейік, Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ҚР ҰҚК-нің орталық аппараты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің іс-қызметіне жұмыс бабындағы тексерулер жүргізуде.

Осыған байланысты осы жылдың 26 қарашасында ҚР ҰҚК төрағасының бұйрығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің төрағасы міндетін уақытша атқарушы болып ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Нұрғали Білісбеков тағайындалды.

Осы бұйрықпен тексерулер аяқталғанға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің төрағасы Нұржан Мырзалиев пен оның екі орынбасары Асқар Ишімов пен Серік Асайынов міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 5 қарашасында ҰҚКД баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы қаласындағы жер асты автотұрақтарының бірінде ҰҚКД қызметкерлері жедел іздестіру шараларының барысында Алматы қалалық Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаменті төрағасының орынбасары А.Жантелеевті құрықтады.

"Жеке тексеру кезінде оның шалбарының қалтасынан бөлекше иісі бар жасыл түсті зат, ал оның пиджагының қалтасынан өсімдік тектес зат шықты. Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша ұсталғанның қалтасынан шыққан зат гашиш есірткілік заты, ал өсімдік тектес зат - марихуана болып шықты", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

"ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тәркіленген есірткілік заттың көлемі аса ірі көлемге саналады. Сондай-ақ, осы орайда сол күні жүргізілген сот-токсикологиялық сараптама қорытындысы ұсталғанның наша шегіп алғанын көрсетіп берді", - деп хабарлайды ҰҚКД.

А.Жантелеевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда кеше Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қалалық департаменті бастығының орынбасарына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, Айдын Жантелеевтің іс-әрекеттерінен қылмыстық құрам анықталған жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Бас прокуратурасының хабарламасына сілтеме жасап.

"Қылмыстық іс бойынша қудалауды тоқтатуға ұлттық қауіпсіздік органының қызметкерлері тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылықтар негіз болды. Айғақ адамдар іс жүзінде Айдын Жантелеев ұсталғаннан кейін 20 - 30 минут өткенде қатыстырылған. Оның үстіне белгілі болғанындай, айғақ адамдардың бірі ұстау оқиғасына қатысқан ҰҚК органы қызметкерлерінің бірінің туысы болып шықты. Бұл да қылмыстық- процессуалдық заңның талаптарына қайшы келеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, "хаттамаға стационарлық жер асты автотұрағынан бейнежазбаның алыну дерегі енгізілмеген". Сонымен қатар хабарламаға сәйкес, бұл бейнежазба "іс материалдарына қосылмаған және Бас прокуратураның тергеу тобына тек бірнеше мәрте еске салудан кейін ғана берілген. Бұл бейнежазбада ақау іздері бар".

Бас прокуратураның хабарлауынша, "процессуалдық актілер сот ісін жүргізу тілінің конституциялық қағидаларын бұзумен толтырылған. ҰҚК органдары қызметкерлерімен қылмыстық істің тергелу реті жағынан ҚІЖК нормалары өрескел бұзылған. Бұл бап ішкі істер органдарының анықтауына жатады, сондықтан шұғыл тергеу амалдары өткізілгеннен кейін тергеу ретімен прокурорға жолдануға тиіс еді.

Бас прокуратураның тергеу тобымен жүргізілген кешенді комиссиялық сот-есірткі сараптамасы, Жантелеев есірткі дертіне шалынбаған деп таныды".

"Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерімен аталған оқиғаға қатысы жоқ, төрт азаматқа қатысты негізсіз арнайы құралдар қолданылған. Одан басқа, олар заңсыз түрде наркологиялық зерттеулерге, жеке тінтуге күштелген, заңсыз ұсталынған және ҰҚК Департаментінің ғимаратында 5 қарашаның 23 сағат 40 минутынан бастап келесі күнгі таңғы сағат 7 ге дейін болған.

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғандары үшін Бас прокуратураның тергеу тобымен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды",- деп хабарлайды Бас прокуратура.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны