16.03.2007, 15:19 3174

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде тұрғын үй заңын бұзған шенеуніктер жазаланды

АЛМАТЫ. 16-наурыз. Kazakhstan Today. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйді бөлу саласындағы заңдарды бұзған жергілікті атқару органдарының шенеуніктерінің кейбірі қызметінен босатылса, кейбірі әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі Бас прокуратураның ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.

Ақпарат көзінің мәліметтеріне сүйенсек, 2007 жылдың 21-ақпанында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысындағы бас прокурордың баяндамасында көрсетілген тұрғын үйді заңсыз бөлу деректері бойынша қабылданған шаралар туралы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары есеп берді.

Яғни, Алматы облысында Талдықорған прокуратурасының таныстыруына сәйкес 16 пәтер заңсыз сатылған, оның 10-ы өз еркімен қайтарылды. Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында заң бұзушылықтарға жол бергені үшін Талдықорған әкімінің орынбасары В. Никифоров пен тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы М. Қалиев тәртіптік жауапқа тартылды. Оларға қала әкімінің өкімімен сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, сатып алу - сату жөніндегі келісім-шартын жасауды бақылау басқармасының бір бөлім бастығы мен тұрғын үй бөлу жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінен босатылды.

Атырау облысында тұрғын үй құрылысын дамыту және тұрғын үйді сату саласында заң бұзушылықтарға жол бергені үшін "облыс әкімінің орынбасары Н. Нұрбеков (сөгіс), облыс әкімінің орынбасары М. Тасымов (сөгіс), құрылыс департаментінің директоры Е. Сәлімбаев (қатаң сөгіс) тәртіптік жауапқа тартылды". Мемлекеттің сәулет-құрылыс бақылау департаментінің директоры К. Илбақасов, халықты жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары М. Өтепбаев және т.б. қызметінен босатылды.

Шығыс Қазақстан облысында облыстық құрылыс департаментінің директоры Ф. Атмадчиді қызметінен босату туралы мәселе шешілу үстінде. Семейдің құрылыс бөлімінің меңгерушісі В. Аюченко қызметінен босатылып, Шығыс Қазақстан облысының құрылыс департаменті директорының орынбасары Е. Үркімбаев жұмыстан шығарылды.

Батыс Қазақстан облысында қазіргі уақытта басымдылық санатқа жатпаса да тұрғын үй алған 14 тұлғаның атына жасалған сатып алу - сату келісім-шартын бұзу туралы хабарлама жіберілді, сонымен қатар, прокурордың пікірінше ипотекалық тұрғын үй алу құқығы заңсыз берілген 149 тұлғаның атына хабарлама жіберілген.

Бас прокурордың баяндамасында көрсетілген деректер бойынша қабылданған шаралар туралы толық ақпаратпен осында таныса аласыздар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны