30.04.2008, 10:12 3324

Қазақстанның қаржы полициясы органдары үш айдың ішінде 430 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтаған

Қазақстанның қаржы полициясы органдары үш айдың ішінде 430 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтаған

Алматы. 30 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның қаржы полициясы органдары үш айдың ішінде 430 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтаған. Бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,1% көп. Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу оқиғаларының анықталуы 2,8 есе, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу 3 есеге өскен", - деді С. Қалмырзаев.

Қаржы полициясының бастығы лауазымды тұлғалар жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының анықталуына мысалдар келтірді. Атап айтар болсақ, парақорлық үшін Оңтүстік Қазақстан облысында Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының әкімі К. Бердалиевтің ісі сотқа берілген, Созақ ауданының әкімі А. Бектаев сотталған, Ақтөбе облысында Хромтау ауданының әкімі А. Жолдыбаев үш жылға, Мұғалжар ауданының әкімінің орынбасары Б. Нұржанов бес жылға, Қарғалы аудандық сотының төрағасы Н. Өтепберген алты жылға бас бостандықтарынан айрылды.

Сонымен бірге Атырау облысында облыстық сәулет және құрылыс департаментінің директорының орынбасары И. Глебов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы К. Бергенов пен "КРР-Проектстроймонтажсервис" ЖШС жетекшісі Н. Маликов сотқа берілді. Олар Махамбет - Ендір газ құбырын қайта жөндеуден өткізуге бөлінген бюджеттік 111 млн теңгені жымқырған.

С. Қалмырзаевтың хабарлауынша, Алматы және Алматы облысының Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасының бұрынғы жетекшісі А. Құлмахановқа халықаралық іздеу жарияланған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен бірлесе отырып кәсіпкерлерге күш көрсету арқылы бопсалау және ұрлықпен айналысқан.

Қаржы полициясы басшысының айтуынша, өткен жылы ҚР "Мемлекеттік қызмет туралы" заңындағы мемлекеттік қызметкерлер қатарына сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен заң бұзушылықтарын жасаған тұлғаларды жолатпау бойынша мәселелер реттелген.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы облыстық маңыздағы- 201, аудандық деңгейде - 556 мемлекеттік қызметкер қылмыс жасаған. 483 адам сотталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны