18.10.2007, 16:30 2883

Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің жүргізген тексеру нәтижесіне қатысты соңғы қорытындысы қарашаның басында жарияланады

Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің жүргізген тексеру нәтижесіне қатысты соңғы қорытындысы қарашаның басында жарияланады

Астана. 18-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің үстіміздегі жылдың 6 - 7-қазанда жүргізген тексеру нәтижесіне қатысты соңғы қорытындысы қарашаның басында жарияланады. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Біз бірінші - екінші қарашада алқа отырысын өткізіп, онда Қарулы күштердің әскери кезекшілік ахуалы, тұрақты әскери дайындықтағы жасақтың ахуалы сияқты бірнеше өте күрделі мәселелерді қарастырамыз. Сонда кейбір басшылар үшін өте маңызды шешімдер шығарылатын болады деп ойлаймын",- деді Д. Ахметов журналистердің елдің 11 әскер бөлімшелері мен бірлестіктерінде жарияланған әскери дабыл бойынша соңғы қорытынды қашан жария етілетіндігі туралы қойған сұрақтарына жауап бере отырып.

"6 - 7-қазанда жүргізілген тексеру белгілі бір деңгейде реніш тудырады",- деп қосты министр. "Біз бұл мәліметтерге мұқият талдау жүргіземіз, себебі талдау жүйелі және терең болуға тиіс, сондықтан да мен әскери мамандардан 2-3 күн ішінде, тіптен бір аптада қорытынды жасауды талап етпеймін. Олар бүгінде өздерінің барлық кемшіліктеріне талдау жүргізуде, 1-2 - қарашада біз қорытынды шығарамыз",- деп жалғастырды ол.

Оның айтуынша, "өз учаскелеріндегі үлкен кемшіліктерді көре тұра ешкім де келіп, "қандай да бір функцияны атқару біздің қолымыздан келмейді" деп айтуға ниет танытпайды". "Ирине, кінәлілер жазаланатын болады. Ал өз кінәсін өз еркімен мойындайтындардың жоқтығы - басқа мәселе. Бірақ мен бұған байыптылықпен қараймын, себебі менің пайымдауымша, әскерилер өз қателіктерін ой таразысына салады",- деп атап көрсетті қорғаныс мекемесінің бастығы.

"Бұл қателіктер, өкінішке орай жүйелі сипатқа ие: мысалы, кейбіреулер әскери міндеттерді шешуге мүмкіндік бермейтін өте ыңғайлы нұсқама жасап алған",- деп мәлім етті Д. Ахметов. "Бұл өте ыңғайлы болған: күзетке шығып қажеті жоқ, қажетті қару-жарақтың, ату қаруларының көп мөлшері қажет емес, шұғыл персонал аз ғана болған. Және де әрбір офицер кешкі сағат алтыда өз міндетін атқарған сезіммен үйлеріне қайтатын, ал бүгінде бұлай емес, оларды кез- келген уақытта кері шақыратындығын бәрі де біледі",- деп қосты ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, 6-қазанда Астана уақыты бойынша 20.00 Қорғаныс министрлігі он бір бөлімше, бірлестіктер мен әскери басқару органдарының әскери дайындығына тексеру жүргізген болатын. Қорғаныс мекемесі әскери дабыл жариялап, барлық әскери қызметкерлер, соның ішінде офицерлік құрам дабыл жарияланғаннан кейін екі сағат ішінде өздерінің жұмыс орындарында болуға тиіс болған. Келесі күні, 7-қазанда Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Д. Ахметов бұл тексерудің нәтижесін "кейбір жағдайларда қанағаттанарлық емес" деп сипаттаған болатын. "Бұл үлкен талқылауға түрткі болып отыр, менің пайымдауымша, біз кейбір жағдайларда тек кәсібилілікке сай болмаудан да басқа да, бүкіл әскери ережелер мен жарғылардың дөрекі бұзылатындығын көріп отырмыз",- деп атап өтті ол.

"Біз жақын арада қорғаныс министрлігі алқасының жабық мәжілісін өткіземіз. Менің пайымдауымша, бірқатар генералдар айтарлықтай жазаға тартылады. Мен олардың өз кінәларын мойындап, сәйкес қорытынды жасай алатындығына офицерлік намысы жетеді деп үміттенемін. Кейбіреулері өз еркімен отставкаға кетуді сұрауы да мүмкін",- деп мәлім еткен болатын министр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны