15.12.2006, 18:43 3774

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігі өмір сүру деңгейінің жоғарлауы - президент

АСТАНА. 15-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігі - қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауы деп санайды ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің жақсаруы деп санаймын. Бүгін мен қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартудағы дәйекті саясат өз жемісін берді деп мақтанышпен айта аламын", - деді Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз алған мемлекет басшысы.

"Егер 1994 жылы ұлттық валюта енгізілгеннен кейін жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 600 АҚШ долларына жуық болса, ал келер жылы бұл көрсеткішті он есеге арттырып 6 мың АҚШ долларына жеткіземіз", - деп атап өтті Н.Назарбаев.

"15 жыл ішінде орташа айлық жалақы бірнеше есеге өсіп, 350 АҚШ долларына жетті. Ең аз жалақы 15 есеге өсіп, ардагерлеріміздің де зейнетақысы көтерілді", деді президент.

Ел басшысы 2007 жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік мекеме жұмысшыларының жалақысы 30 пайызға өсетіндігін де атап өтті.

"Біз еліміздегі кедейлілік пен жұмыссыздық көлемінің азаюына қол жеткізгендігіміздің өзі өте маңызды",- деді ол. "Кедейлік деңгейі 15 жыл ішінде төрт есеге, жұмыссыздық деңгейі екі есеге азайды", - деді.

"Сонымен қатар, біз тұрғын үй мәселесін де жүйелі түрде шеше бастадық. Еліміздегі қазіргі тұрғын үй алаңы төрт миллиардтан астам шаршы метрді құрайды. Соның ішінде 247 млн. шаршы метр жеке меншік еншісінде. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тағы да 12 млн. шаршы метр пайдалануға беріледі", - деп атап көрсетті ол.

Тәуелсіздік жылдары ішінде денсаулық сақтау саласында да бірқатар жүйелі қайта құрулар жүргізілді деп санайды президент. "Осы жылдары денсаулық сақтауға кеткен шығын он есеге өсті. Қазір олар 1,5 млрд. АҚШ долларын құрап отыр",- деді ол.

"Білім беру саласында да үлкен өзгерістер болды. 2006 жылғы білім беру жүйесіне құйылған қаржы 2,5 млрд. АҚШ долларын құрайды",- деп қорытындылады Елбасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны