17.10.2008, 09:55 1704

Қазақтың тілінің болашағы - Қазақстанның тәуелсіздігінде

Қазақтың тілінің болашағы - Қазақстанның тәуелсіздігінде

Астана. 16 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақтың тілінің болашағы - Қазақстанның тәуелсіздігінде. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше республикалық телеарналарға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Қазақтың тілі деп байбалам салып жүрген ағайындарымыздың сөзінің барлығын мен естіп жатырмын. Бұл мәселеге бір қазақтың іші ашитын болса, менің ішім ашиды. Біз өзіміз тілімізді ардақтауымыз керек",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Ол ағайындарымыздың айтатыны былай: неге мынау үкімет, парламент ертеңнен кешке дейін қазақша сөйлемейді? Дұрыс. Парламент сөйлеуі керек, оған сөйлеткіземіз. Үкімет басшысынан бастап барлық мемлекеттік қызметкерлер сөйлеуі керек, сөйлейді. Үкіметтің ішінде синхрондық аударма бар".

Президенттің айтуынша, "10 миллион қазақ бар десек, соның 6 миллионы түсінеді, 4 миллионы түсінбейді".

"Ирине, бұл деген масқара. Ол Совет Одағының жасаған саясаты бізге деген.

Мен қай қазақтан кем сөйлеп отырмын, қазақша? Ирине, біздің азаматтардың қазақ тіліне қамқор боп жүргеніне мен ризамын. Себебі, айту керек, сөйлеу керек. Оны өз арасында күбірлеп отырмай, мынау солтүстіктегі қазақша білмейтін өзіміздің ағайындарға жеткізу керек, үйрету керек. Солай емес пе?",- деді ол.

"Мен жақында қазақ тіліне қамқор болатын қор құрдым. Идейі. Ол қордың басшылығына нағыз жанашыр, іс адамдарын апарып қойдық. Ол неге керек? Бүгінгі күні бүкіл қазақстандықтардың, қандай ұлт өкілі болса да, қазақ тіліне деген ынтасы бар. Сол ынтаны қолдап жіберуіміз керек. Тілді оқытатын мектептер құрып, әрбір мекеменің ішінен курстар ашу қажет".

"Екінші, заңда жазылған, халықпен жұмыс істейтін адамдар, мысалы, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі тиіс. Оларды жұмысқа алған кезде мемлекеттік тілді игеру деңгейін қадағалау керек. Бұл мәселеде сабыр да керек. Кешегі Кавказдағы жағдай кезінде, Ресейдің кейбір саясаткерлері бізден басқа ешкім жоқ деп көкірек соққан кезде, сол Ресейдің ішіндегі басқа ұлттар не ойлап отырды? Біз не ойлап отырдық? Біздің ішімізде тұрып жатқан ағайын не боп отырды? Сондықтан, тағы да айтамын, бұл мәселеде сабырлылық керек".

Президенттің айтуынша, "бұл мәселе біреудің керітартпалығынан, қазақ тіліне жаны ашымағанынан туындап отырған жоқ. Ең бастысы, қазақтың тілінің болашағы - Қазақстанның тәуелсіздігінде. Тәуелсіздігіміз беки берсе бәрі бәрі де өз орнына келеді".

"Халықтың мүмкіндігінше бақуатты болғанын мен де қалап отырмын. Біз барлығы да тез болса екен дейміз. Бірақ, ол болмайды. Келе жатқан арбаны шұғыл бұрып, аударып тастауға да болады. Қазақтың мақалы бар ғой: "Асықпасаң, арбамен қоянға жетесің" деген".

Біз жас-кәрі демей, еліміздің болашағын, қазақтың мәдениетін, тарихын, қазақтың тілін ойлайтын болсақ, елдің іші шайқалмауын ойлауымыз керек. Елдің іші шайқалатын болса, ертеңгі күні бөлініп шығамыз дегендер толып жатыр. Ол бізге керек емес. Сондықтан біз өзіміз қазақша сөйлеп, өзге ұлттың адамдарын тартуымыз керек. Қазір жастардың ішінде қандай, мектепке барсаң, украины болсын, орысы болсын, басқасы болсын, барлығы сайрап тұр.

Бізге ұлттық намыс керек. Бірақ біз шаруамызды басқаның намысына тимей жасауымыз керек. Баяғыда біздің намысымызды таптады деп, біз де біреуді жаншимыз ба? Сөйтіп елдің ішін бөлеміз бе? Ондайда қоқаңдап шыға келетін ағайын төңіректе толып отыр. Соны тілеп отыр. Қазақтың ішіне іріткі салуды, Қазақстанды әлсіретуді көксеп отыр. Ал әлсіреген мемлекет, өз ішінде татулық жоқ мемлекет өзгеге кіріптар болады. Құдай содан сақтасын. Біздің күштілігіміз, мықтылығымыз ең алдымен қазақ халқына керек. Болашағына керек. Сендер ақпарат құралдарында осыны түсіндіріп, айтуға тиіссіңдер.

"Ирине, мұның барлығы қазақ тілінің мәселесін қоя тұрайық деген сөз емес. Жоқ, қоя тұрмаймыз, бұл бағыттағы іс-шараларды жүргізіп жатырмыз, жүргізе береміз",- деп қорытты мемлекет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны