17.07.2014, 20:54 4350

Қазақтың ұлттық құндылықтары ЮНЕСКО-ның Илемдiк мұра тiзiмiне енгiзiлмек

Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның серіктестігі аясында еліміздің ұлттық құндылықтарын ЮНЕСКО-ның Илемдiк мұра тiзiмiне енгiзуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Алматы. 17 шілде. Kazakhstan today. Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның серіктестігі аясында еліміздің ұлттық құндылықтарын ЮНЕСКО-ның Илемдiк мұра тiзiмiне енгiзуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ ҚР мәдениет министрі, ЮНЕСКО істері ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлы және ЮНЕСКО және ИСЕСКО істерінің ҚР Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Исел Өтегенова қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.

"ЮНЕСКО тiзiмiне Жiбек жолы ғана енiп жатқан жоқ, сонымен бiрге бiзде керемет нысандар бар. Мысалы, Отырар қаласы, қазiгi кезде ежелгi Тараз аршылып жатыр, Шығыс Қазақстанда керемет артефактiлер табылып жатыр. Айта кету керек, ЮНЕСКО-ның бiрнеше тiзiмдерi бар, мысалы, биосфера саласында, есте сақтау күнделiгi, сонымен бiрге материалдық емес құндылықтар, оны да ескерiп отырмыз", - деді сөз басында министр.

Сонымен қатар ол, казiгi кезде айтысты, қазақ үйiн жасау ерекшелiктерiн, бүркiтпен аң аулау сынды көптеген дәстүрлi шараларды ЮНЕСКО тiзiмiне енгізіліп жатқанын тілге тиек етті. ""Есте сақтау күнделiгiне" Семей-Невада антиядролық қозғалысын қарастырып жатырмыз. Ол бiз үшiн 20 жылда болған оқиға, ал ЮНЕСКО тарапынан бұл халықаралық маңызы бар оқиға болып отыр. Соның аясында бiрiншi қолға алынған жұмыстарды ЮНЕСКО тiзiмiне кiргiзiп жатырмыз. Сонымен бiрге Арал көлiнiң проблемаларын да енгiзiп жатырмыз. Iстелiп жатқан шаралар көп. Бiздiң мақсатымыз - ЮНЕСКО кеңесiнiң өтуiн пайдаланып, Қазақстанның көптеген құндылықтарын, ерекше сақталатын дәстүрлерiн де ЮНЕСКО тiзiмiне енгiзу", - деп А.Мұхамедиұлы өз ойын толықтырды.

Мәдениет министрiнің айтуынша, бiр ай бұрын Доха қаласында өткен жиналыс барысында Ұлы Жiбек жолының бiрiншi кезеңi ЮНЕСКО тiзiмiне енген. Бұдан басқа, Алматы облысындағы 3 қалашық, Талғар және т.б., сонымен бiрге Жамбыл облысындағы 5 қалашық та осы тізімге кіргізілген.

Сонымен қатар, министр Отырар қалашығын да ЮНЕСКО тiзiмiне енгiзу көзделiп отырғанын да әңгіме барысында ашып айтты.

"Берел, Есiк қорғаны, ордабасы және көптеген Қазақстандағы тарихи орындарды бiз ары қарай мiндеттi түрде тiзiмге енгiзуiмiз керек. Айта кетерлік жайт, айтыс, бүркiт аулау және киiз үй жасау ерекшелiктерi ЮНЕСКО тiзiмiне ендi. Бүгiнде құжаттама жағынан рәсiмдеу жұмыстарынан өтiп жатыр", - деп ведомство басшысы түйіндеді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны