26.03.2010, 15:05 3090

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы топ-менеджерлеріне қылмыстық жауапкершілік жүктелмейді

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы топ-менеджерлеріне қылмыстық жауапкершілік жүктелмейді

Астана. 26 наурыз. Kazakhstan Today - "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ-ның бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген айып бұған дейін тағылып келген бұрынғы топ-менеджерлерге қылмыстық жаза жүктелмейді. Бұл туралы бүгін Сарыарқа аудандық №2 сотында өткен баспасөз мәслихатында Бас прокурордың аға көмекшісі Икім Адай мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Алдын-ала тергеу барысында белгілі болғанындай, Жәкішев мырза ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған. Сотта бұл қылмыстардың ұйымдасқан топпен жасалғандығы анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 65-ші бабында айқын жазылғандай, егер тұлға тергеуге өз еркімен жауап беруге ниет білдіріп, қылмысты ашуға белсенді септігін тигізсе, онда қылмыстық қудалау органдары бұл тұлғаға қатысты қылмыстық қудалауларды доғаруға құқылы", - деді И. Адай.

"Олар тергеу органдарына қылмысты ашуға белсенді көмек көрсетуге байланысты тергеу органдары шешім қабылдап, оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды", - деп түсіндірді ол.

Атап айтсақ, М.Жәкішевке қатысты істі жүргізген аудандық сот төрағасы Нұржан Жолдасбековтың айтуынша, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ-ның бұрынғы президенті 1999 жылдан бастап 2009 жылдың мамыр айлары аралығында компания президенті болып тұрған кезде ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында бопсалау арқылы түрлі компаниялардың өкілдерінен бірнеше мәрте аса ірі көлемде пара түрінде ақша алған.

"Бұл фирмалар мен заңгерлік компаниялар кен орындарында құрылыс мердігерлік жұмыстар мен материал жеткізу және қызмет көрсетуді іске асырған. Сот мәжілісі барысында Жәкішевтің аса ірі көлемде пара алуына қатысты жалпы алғанда 791 млн теңгенің 29 эпизоды дәлелденді", - деді Н. Жолдасбеков.

Судьяның айтуынша, "алған барлық пара ақшалары "қара кассада" шоғырландырылған. "Ол үшін арнайы сейфтер сатып алынып, арнайы орын-жайлар жалға алынған. Бастапқыда бұл ақшалар "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ-ның ғимаратындағы жертөледе сақталып, кейін ол үшін арнайы пәтерлер жалданған", - деді сот төрағасы.

"Бұл "қара кассадағы" ақша жақын тұлғаларға, компанияның вице-президенттеріне, департамент директорларына, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілеріне, еншілес компаниялардың директорларына екінші, есепке алынбаған жалақы ретінде табысталып келген", - деді ол.

"Аталған тұлғалар тергеу барысында алған барлық қаржыны өз еріктерімен кері қайтарды", - деді ол.

Еске сала кетейік, 2009 жылдың мамыр айында М. Жәкішев ұсталды. Сондай-ақ, ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, ұлттық атом компаниясының бірқатар қызметкерлері, атап айтсақ, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ-ның бұрынғы вице-президенттері Малхаз Цоцория, Дмитрий Парфенов пен Асқар Қасабеков қамауға алынды.

Кейін ҚР Бас прокуратурасының өкілдері "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы топ-менеджерлері бұл қылмыстық іс бойынша куәгерлер ретінде тартылғанын, сондай-ақ, олар куәгерлерді қорғау бағдарламасы аясында қорғауда екенін хабарлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны