21.12.2007, 16:52 3291

Қазір әлемдік күш орталықтарының күрделі және әр сипатты орын алмастыру процессі жүріп жатыр - Назарбаев

Қазір әлемдік күш орталықтарының күрделі және әр сипатты орын алмастыру процессі жүріп жатыр - Назарбаев

Астана. 21 желтоқсан."Қазақстан Бүгін" - Қазір әлемдік күш орталықтарының күрделі және әр сипатты орын алмастыру процессі жүріп жатыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазір әлемдік күш орталықтарының күрделі және әр сипатты орын алмастыру процессі жүріп жатыр. Бір жағынан Еуропаның ролі өсе түсу ағымы байқалып, ол жағрафиялық тұрғыда шеті мен шегі бар өңірге ғана айналып қоймай, аясын тұрақты кеңейте және өзіндігінен дами түскен геосаяси жобаға айналды. Бұл жобаның ішкі логикасы оны мейлінше дербестікке және халықаралық істердегі біртұтастыққа сөзсіз итермелеуде. Трансатлантикалық бірлесу тамырлас құндылықтар мен идеалдарды сақтай отырып, мейлінше әртүрлілік сипатқа көше түсуде. Еуропа өзекті халықаралық проблемаларды, соның ішінде еуразиялық кеңістіктегі тауқыметерді шешудің де өзіндік жолдарын іздестіруде. Екінші жағынан, Азия құрлығының саяси және экономикалық ролінің де біртіндеп күшейе түсу дерегі жыл өткен сайын айқындала түсуде", - деді Н. Назарбаев.

"XXI ғасыр Азияның бірегей әрі бұрын соңды болмаған сипатта зор екпінмен шарықтау дәуіріне айналды. Бұл шарықтау уақытша және өтпелі ғана құбылыс па, әлде, бұл Азияның Еуропа мен Батыстың ғасырлар бойы үстемдік құруына қарсы ұзақ мерзімді есе қайыруы бола ма, ол жағын тарих шешеді. Бір белгілісі - геосаяси координаттар жүйесі қозғалысқа түсті, және біз оны өз бағыт-бағдарымызды анықтауда ескеруге тиіспіз", - деді Қазақстан президенті.

Президент сондай-ақ Еуразия құрлығының да терең өзгерістерге ұшырағанын атап өтті. "Еуразия кеңістігі кейінгі 20 жылда бұрындары ғасырға созылатын өзгерістерді басынан кешірді. Мемлекеттердің бәріне бірдей өзгерістердің дұрыс алгоритмін дер кезінде табу, дұрыс екпін түсіру, экономикалық және саяси басымдықтарды үйлестіру мен бірлестіре тиімді ала жүру мүмкін болмады", -деді Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны