24.12.2009, 14:53 3125

Кедендік одақ - Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы - Нұрсұлтан Назарбаев

Кедендік одақ - Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы - Нұрсұлтан Назарбаев

Астана. 24 желтоқсан. Kazakhstan Today - Кедендік одақ - Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше "Арна Медиа" холдингі құрамына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына сұхбат берген кезінде мәлім етті,деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Елбасы сұхбат барысында дағдарыстан кейінгі экономиканы дамыту, Жол картасы аясында атқарылып жатқан ел игілігі үшін істеліп жатқан шаруалар, үлескерлердің мүддесін қорғау, банк жүйесін көтермелеу, ел экономикасына Ұлттық қордан елеулі қаржы бөлінгені жайлы көптеген қадау-қадау мәселелерге тоқталды. Алдағы жылдан бастап елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың алғашқы бесжылдық жоспары басталғалы отырғанын еске салды.

"Дағдарыс тек шикізат көздеріне қарап қалмай, экономиканы әртараптандыру қажет екендігін ұқтырды", - деген пікір айтты Елбасы. "Біздің дағдарысқа қарсы дер кезінде қолға алған шараларымыз, елді тығырықтан алып шықты. Қазақстан халқы дағдарыс әсерін онша сезіне қойған жоқ", деді президент.

"Қаржы дағдарысының салдарын, еліміз алғашқылардың бірі болып 2007-жылы сезді. Алайда, дер кезінде қолға алынған шаралар, құрылған ұлттық қорда жинақталған қаражат пен оларды тиімді нақты жобаларға жұмсаудың арқасында, республикамыз қиын-қыстаудан аман-есен шықты. "Жол картасы" қабылданып, жүз мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды, елде ондаған жылдар бойына жөндеу көрмеген тас жолдар күрделі жөндеуден өтіп, зауыттар мен фабрикалар қызметін жандандырды. Ең бастысы - қарапайым халық жұмыссыз қалмады",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Мына нарық экономикасында адамның баласы өзіне өзі қызмет істеуі керек. Қарап отырған адам еш нәрсеге жетпейді. Қимылдаған адамға мемлекет барлық жағдайын жасап отыр. Осыны түсіндіру керек. Қазір бизнеске деген барлық жағдайды жасап отырмыз біз. Олар ақшасыз, кредитсіз қалды. Несие беретін банкте түк қалған жоқ. Кім қолдады? Мемлекет қолдады".

Елбасы Кедендік одақты құру мәселесіне де тоқталып өтті. Бұл одақ Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы.

Бұл одақтың мәнін түсінбегендер нарықтық экономика және жаһандану дегеннің не екенін түсінбейді",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Белоруссияда баяғыдан машина құрылысы зауыттарын салған, отверточная площадка Советского Союза деп жүрді ғой. Белазды шығаратын солар, тоңазытқыштар шығаратын солар, телевизор мен ыдыс-аяқты да шығаратын солар. Бәрін солар шығаратын. Енді сол тауарлардың бәрін жанында тұрған Еуропаға бере алмай отыр ғой. Себебі Еуропаның тауарлары, бұл тауардан арзан, сапасы жоғары, бағасы төмен. Сондықтан, біз мына жерде үйреніп алайық жақсылап, содан кейін әрі қарай шығуымыз керек",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны