31.01.2014, 18:05 3017

Келісімшарт қызметінің аға сержанты Илібек Бектембаев "Жыл шекарашысы" болып таңдалды

Есірткі тасымалына қатысты 65 фактінің алдын алған, оқ-дәрі, өткізуге тыйым салынған әдеби кітаптарды тәркілеу оқиғасына қатысқан Илібек Бектембаев "Жыл шекарашысы" деген атаққа лайық деп танылды.

Алматы. 31 қаңтар. Kazakhstan today. ҰҚК Шекара қызметі өткен жылды қорытындылап, басты оқиғаларға баға берді және алдағы кездагі атқарылатын тапсырмалар белгіленді.

Ерекше оқиғалардың бірі келісімшарт қызметінің аға сержанты Илібек Бектембаевтың "Жыл шекарашысы" болып таңдалуы, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Шекарашы Илібек ҰҚК Шекара қызметінің сапында қызмет еткен әр жылдары 20 келіге жуық есірткі затын тәркіледі. Оның алғашқы қызмет жолы 2004 жылы Жаркент шекара отрядының "Басқұншы" заставасында басталады да, кейіннен әскери бөлімнің коменданттық ротасында жалғастырады. 2007 жылы өзі туып-өскен қаладағы "Семей" шекаралық бақылау-өткізу пунктіне ауысады.

Алдымен әскери бөлімнің "Ауыл-теміржол" шекаралық бақылау бөлімшесінде кіші бақылаушысы болған Илібектің кинология саласына бір табан жақындығы ескеріліп, 2009 жылы Шекара қызметінің қызмет иттерін өсірумен айналысатын кинологиялық орталығына оқуға жіберіледі. Арнайы курсты бітіріп, өзінің ұжымына қайта оралған Илібектің өмірінде жағымды оқиғалар жалғасып сала берді. Алдымен 2 келі героинның шекарадан асуына тосқауыл қояды. Осы белсенділігі үшін ол 2010 жылы Шекара қызметінің "Үздік кинологы" болып танылады. Араға жыл салып, есірткі іздеуден - шекарашылар мен кеденшілердің арасында өткен кең ауқымдағы сайыста 1-ші орынды жеңіп алады. 2012 жыл да Илібек үшін белгісіз өткен жоқ. Жыл ішінде 6 келідей есірткі заттарын тауып, тәркілегені үшін "Солтүстік" өңірлік басқармасының "Жыл шекарашысы" атанды. Бұл кезде ол "Ауыл-теміржол" шекаралық бақылау бөлімшесінде қызмет атқаратын. Бекетке келіп тоқтаған кезекті пойызды қызмет итімен тексеруге кіріскен Илібек көрші елдің аумағына 2,5 келі гашишті жасырын әкетіп бара жатқан есірткі тасымалдаушыны әшкереледі. Бұған қоса, шекарашының бір жарым келідей героинді тәркілегені тағы бар. Ал сол жылдың желтоқсан айында "Ауыл-авто" шекаралық бақылау бөлімшесіне ауыстырылған біздің қырағы шекарашының арқасында көліктің құпия бөлімдерінің біріне жасырылған екі келі гашиш та шекара асқан жоқ.

2013 жылы төрт аяқты досы Амурдың иісшілдігінің арқасында жеңіл аяқ киімнің табанына жасырылған 200 грамм героинді әшкереледі. Бұл аз дегендей, азаматшаның асқазанынан 200 грамм героинді анықтады.

2014 жаңа жылдың есірткі оқиғасына қатысты шымылдығын Илібек Бектембаев ашты. "Ауыл-авто" шекаралық бақылау бөлімшесінде ресейлік азамат 20 грамм есірткіні шекарашының қырағынан тыс қалмады.

Есірткі тасымалына қатысты 65 фактінің алдын алған, оқ-дәрі, өткізуге тыйым салынған әдеби кітаптарды тәркілеу оқиғасына қатысқан Илібек Бектембаев "Жыл шекарашысы" деген атаққа лайық деп танылды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны