11.06.2008, 10:29 1414

Кеше Н. Назарбаевтың Франция Республикасына ресми сапары басталды

"Зауытта мемлекет басшысы "Талес" концернінің президенті Дени Ранкпен және "Талес Алениа Спейс" еншілес компаниясының басшысы Рейнальд Сезнекпен кездесті. Олармен бірге Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынның спутниктік жүйе, оны монтаждау және жүйені сынақтан өткізуге арналған бірегей, теңдесі жоқ құрал-жабдық шығарылатын негізгі өндіріс жайларында болды".

Астана. 11 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Кеше Н. Назарбаевтың Франция Республикасына ресми сапары басталды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, сапар бағдарламасы Канн қаласында орналасқан әлемге әйгілі "Талес" компаниясының аэроғарыштық индустрия кәсіпорынын аралаудан басталды.

Канн қаласындағы аталмыш зауыт ғарыштық спутниктерді өндірумен айналысады және олардың Еуропалық Одақ елдері мен басқа да көптеген мемлекеттерге негізгі тасымалдаушысы болып табылады.

"Зауытта мемлекет басшысы "Талес" концернінің президенті Дени Ранкпен және "Талес Алениа Спейс" еншілес компаниясының басшысы Рейнальд Сезнекпен кездесті. Олармен бірге Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынның спутниктік жүйе, оны монтаждау және жүйені сынақтан өткізуге арналған бірегей, теңдесі жоқ құрал-жабдық шығарылатын негізгі өндіріс жайларында болды", - деп атап көрсетілген баспасөз релизінде.

Қазақстанда жерді дистанциялық бақылау ғарыштық жүйесін құру жоспарланып отырғаны баршамызға белгілі. "Талес Алениа Спейс" компаниясы осы жобаның негізгі қатысушыларының бірі екені мәлім. Өйткені компания спутниктік жүйені жобалау, дайындап шығару және тексеруден өткізу, әрі пайдалануда озық тәжірибеге ие бола отырып, осы саладағы әлемдік көшбасшы болып саналады.

Олардың әзірлеген жүйелерінің қатарында - SPACEBUS L-500 көп мақсатта қолданылатын тұғырнама, ғарыштық бағдарламаларда көп рет байқаудан өткізілген, Еуропадағы ең үздік кең ауқымды оптикалық аппаратура бар. Қазақстандық KAZSAT-1 и KAZSAT-2 спутниктерінің басты әрі қажетті міндеттері осы француз өндірісінде жасалғаны компанияның өз саласында үздік екендігін айғақтайды.

"Қазақстан Республикасының президентімен кездесу барысында "Талес" компаниясының басшылары Қазақстанда өндірістік индустрияны және қазіргі заман технологиясын дамытуға ықпал етуге өздерінің дайын екендігін аңғарта отырып, Қазақстанмен ғарышты игеру саласында келешегі зор әріптес ретінде ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге деген ықыластарын білдірді", - деп атап көрсетілген хабарламада.

"Дени Ранктің пайымдауынша, алдағы екі ел мемлекеттері басшылары деңгейінде Қазақстан мен Францияның Стратегиялық әріптестік жөніндегі шартқа қол қоюы екі ел ынтымақтастығына қажетті саяси және заңдық негізді қалыптастырмақ", - деп көрсетілген баспасөз-релизінде.

Күннің екінші жартысында президент Н.И.Назарбаев Франция астанасына келді. Париж қаласының Орли әуежайында қазақстандық жоғары мәртебелі қонақты қарсы алудың ресми рәсімі болып өтті.

"Францияда Қазақстан президентінің ресми сапарына ерекше мән беруде. Соңғы жылдары Қазақстан-Франция қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып келеді. Экономикалық салада олар инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейімен және қарқынды тауар айналымымен ерекшеленуде (Қазақстан экономикасына құйылған француз инвестициясының көлемі 4 млрд. АҚШ долларын құраған). Франция Қазақстанның сауда-саттықта бесінші орындағы әріптесі болып табылады (2007 жылғы сыртқы тауар айналымынң көлемі - 4,7 млрд. АҚШ долларына жеткен).

Сондай-ақ, екі ел арасындағы саяси диалог та серпінді дамуда. Біздің елдеріміздің қазіргі заманның негізгі мәселелері төңірегіндегі ұстанымы мен сарапшылық көзқарастары ұқсас. Франция Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық етуге үміткерлігін белсенді түрде қолдады.

Екі тарап та Қазақстан президенті Н.И.Назарбаевтың осы жолғы сапары Астана мен Париж арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда және екіжақты қарым-қатынасымыздың оң бағытын нығайта түсуде мәні зор деп біледі. Сапар барысында Қазақстан-Француз өзара әрекеттестігінің барлық қырларын қамтитын және келешегін айқындайтын Стратегиялық әріптестік жөніндегі шартқа қол қойылмақ.

Сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес саласында, туризм, әскери-техникалық және іскери ынтымақтастық салаларындағы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылады деп жоспарлануда.

Хабарламада сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияның барлық жоғары басшылығымен - Франция президенті Николя Саркозимен, премьер-министр Франсуа Фийонмен, парламент сенатының төрағасы Кристиан Понселемен және Ұлттық мәжіліс төрағасы Бернар Аккуайемен кездесулері мен келіссөздері өткізілетіні атап айтылған.

"Кеше Қазақстан басшысы кешке жақын Франция парламенті басшыларымен, сондай-ақ Францияның экс-президенті Жак Ширакпен кездесті", - деп түйінделген баспасөз-релизі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны