27.03.2012, 11:19 3829

Кеше Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммиттің аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обама кездесті

Кездесу барысында тараптар кең көлемдегі мәселелерді талқылады. Ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі байыпты пікір алмасылды, сондай-ақ екіжақты серіктестікті дамыту келешегі қозғалды.

Астана. 27-наурыз. Kazakhstan Today - Кеше Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммиттің аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обама кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар кең көлемдегі мәселелерді талқылады. Ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі байыпты пікір алмасылды, сондай-ақ екіжақты серіктестікті дамыту келешегі қозғалды. Екі елдің көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі жағдайға ерекше назар аударды. Тараптар 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанының 20 жылдығын атап өткеніне тоқталды. АҚШ біздің республикамыздың Тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің біріне айналды және Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін ұсынды. Өткен жылдар ішінде екі мемлекет сенім мен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестіктің деңгейіне көтерілді.

"Сәлеметсіз бе, Президент мырза, мен Сізбен тағы да кездескеніме қуаныштымын. Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіндегі жетекші рөлін атап өткім келеді", - деді Барак Обама.

АҚШ Президенті Қазақстанның ядролық саладағы физикалық және техникалық қауіпсіздікті нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады. Барак Обама сондай-ақ Қазақстанның өз аумағында аз байытылған уранның халықаралық банкін орналастыруға дайындығына оң баға берді.

Бұдан басқа, АҚШ Президенті Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесудегі белсенді рөлін атап өтті.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан АҚШ-тың ядролық қаруды қолдануға шектеу қою бөлігіндегі жаңа ядролық стратегиясын қолдайтынын атап көрсетті.

"Мен АҚШ-тың барлық ұлт пен халықты ядросыз әлем үшін күресуге шақыруын толық қолдаймын. Ядролық мемлекеттер мен ядролық қаруға ұмтылып отырған мемлекеттердің барлығын Қазақстаннан үлгі алуға және орнықты даму үшін бірегей экономикалық мүмкіндіктерге ие болуға шақырамын", - деді Қазақстан Президенті.

Тараптар сондай-ақ ирандық ядролық бағдарламның айналасындағы жағдайдың барлық әлемдік қоғамдастықтың мүддесіне жауап беретіндей бейбіт шешілуі қажеттігіне тоқталып өтті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев американдық серіктестерді экономикалық саладағы едуәір белсенді ынтымақтастыққа шақырды. Атап айтқанда, ол Қазақстанда американдық компаниялар айтарлықтай белсенді қатыса алатын, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын табысты іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазақстан Президенті АҚШ компанияларына сондай-ақ шағын және орта бизнес саласындағы, инновациялық және технологиялық салалардағы ынтымақтастықты ұсынды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық сауданы дамыту үшін Қазақстан Республикасының көлік әлеуетінің жоғары екеніне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде АҚШ Президенті өз елі Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін толық қолдайтынын атап өтті.

"Мен сондай-ақ Қазақстанда көппартиялы Парламенттің құрылуына алып келген өткен сайлаудың нәтижесін қолдаймын. Сіздің басшылығыңызбен Жаңаөзендегі жағдай тұрақтанғанын ерекше атап өткім келеді. Осының барлығы Қазақстан халқының өз Көшбасшысына деген жоғары сенімін тағы көрсетіп берді", - деді Барак Обама.

Кездесудің соңында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың өкілін Илемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезіне шақырды және Барак Обамаға алдағы президенттік сайлауда табыс тілей отырып, дәстүрге сай қазақтың тұмарын сыйлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны