04.02.2011, 12:29 5366

Кезектен тыс президент сайлауы 3-сәуірде өтетін болады

Кезектен тыс президент сайлауы 2011 жылдың 3-сәуірінде өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 4 - ақпан. Kazakhstan Today - Кезектен тыс президент сайлауы 2011 жылдың 3-сәуірінде өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалған.

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес қаулы етемін: Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2011 жылдың 3 сәуіріне тағайындалсын", - делінген Жарлықта.

Жарлыққа сәйкес, ҚР Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Ал облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасау және дұрыстығын қамтамасыз ету, орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсету жүктелді. Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетсек, кеше ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев "ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" ҚР Конституциялық заңына қол қойған болатын.

Бұрын хабарлағанымыздай, 31-қаңтар күні мемлекет басшысы президент сайлауын кезектен тыс өткізу жөнінде ұсыныс білдіріп, елбасының ұсынысын қабыл алған депутаттары кеше "ҚР кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдадаған болатын.

Ал мәжіліс президент сайлауын кезектен тыс өткізу жөніндегі заң жобасын 1-ақпан күні өндіріске алған болатын.

Сондай-ақ, 2011 жылғы 31 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Конституцияға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өкілеттігін республикалық референдум арқылы ұзартуды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңның құқықтық тағдыры туралы шешімін шығарған болатын. Парламент депутаттары бұл заңды референдумды қолдау жөніндегі үндеуге қолдарын қойған бес миллионнан астам қазақстандықтың қалауын басшылыққа ала отырып қабылдаған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың 17-қаңтарында Конституциялық кеңес парламенттің 2011 жылдың 14 қаңтарында қабылдаған "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның Қазақстанның Конституциясына қайшы келмейтіндігін тексеру туралы ҚР президенті Н. Назарбаевтің ұсынысын өндіріске алған болатын.

"КК бұл заңды Конституцияға қайшы деп тапты. Бұл аталмыш заңға қол қойылып, күшіне ене алмайды деген сөз. Сондай-ақ, ҚР президенті Конституцияға сәйкес, бір ай ішінде КК қаулысына қарсылық білдіре алатындығын да ескеру қажет",- деді И. Рогов.

"Осылайша, референдумның тағдыры туралы соңғы сөзді тек президент қана айта алады",- деп нақтылады кеңес төрағасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны