22.05.2014, 20:35 2783

ҚХР төрағалығымен өткен АӨСШК саммиті біздің мақсаттарымыздың бір екендігін айғақтады - Н. Назарбаев

Мемлекет басшысы IV саммиттің басты қорытындысы ретінде форумды бұдан әрі дамытуға және қатысушы-мемлекеттердің тиімді іс-қимылына бағытталған АӨСШК Шанхай декларациясы қабылданғанын атап өтті.

Алматы. 22 мамыр. Kazakhstan today. Қазақстан Президенті АӨСШК ІV саммитінің қорытындысы бойынша өткен бірлескен баспасөз мәслихатына қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті АӨСШК төрағалығына Қытай елінің кірісуіне байланысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді құттықтады, сондай-ақ Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын айтты.

"ҚХР төрағалығымен өткен кезекті Саммит біздің мақсаттарымыздың бір екендігін тағы да айғақтады және АӨСШК-ні мүлде жаңа деңгейге көтерді. Сұхбатты бұдан әрі тереңдетуге ниетті екенін көрсетті. Біздің Форумның шекарасы Азия құрлығының ауқымды бөлігі мен халқын қоса қамтып жатыр. Бұл идеяны мен 22 жыл бұрын, БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында алғаш рет жарияладым және соңғы 12 жылда АӨСШК толыққанды жұмыс істеп келеді. Биылғы Саммит ең салиқалы жиын болды, бұл Азияның өркендеуіне қызмет ететін нақты тетік ретінде оған деген қызығушылық туындап отырғанын көрсетеді. Форум кеңістігі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосқысы келетін жаңа мүшелердің қосылуы арқылы бұдан әрі де кеңейе түсетіндігіне сенімдімін", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК құрылғаннан бері қол жеткізілген қомақты нәтижелерге де тоқталды.

"Алматыда форум Хатшылығын құру - негізгі жетістіктеріміздің бірі. Осы сәтті пайдалана отырып, Хатшылықтың барлық қызметкерлері мен сарапшыларға Саммиттің дайындық жұмыстарын атқарғаны үшін ризашылық білдіргім келеді. Жұмыс органын құру сұхбат алаңын толыққанды халықаралық институтқа айналдырудың басы болды. Сенім шаралары каталогын қабылдау арқылы біз Кеңестің мандатын айқындай алдық. Атап айтқанда, әскери-саяси, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдерде үдемелі және жемісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгін АӨСШК мен ШЫҰ арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Ол беделді әрі қажет екі құрылымның күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы IV саммиттің басты қорытындысы ретінде форумды бұдан әрі дамытуға және қатысушы-мемлекеттердің тиімді іс-қимылына бағытталған АӨСШК Шанхай декларациясы қабылданғанын атап өтті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны