10.07.2026, 12:07 30621

Үкімет Алатау қаласын басқарудың жаңа органдарын бекітті

Үкімет Алатау қаласын басқарудың жаңа органдарын бекітті
Сурет: Алатау әкімдігі
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласы кеңесінің отырысы өтті. Онда "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын жүзеге асыру және жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Үкімет басшысы Алатау Қазақстанның экономикалық өсімінің, инвестиция тартудың және заманауи технологияларды енгізудің басты орталықтарының біріне айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Кеңестің негізгі міндеті - жаңа арнайы құқықтық режимнің тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету.

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Абдықадыров мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қаланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құру, инвестициялар тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін Қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік ARUP және BCG компанияларын тарта отырып, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Алатаудың қазіргі бар елді мекендерінің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда, олар - Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір, Жаңаталап шағын аудандары.

Сондай-ақ, K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City жобаларына назар аударылды. K-Smart City шеңберінде пилоттық жоба ретінде Оңтүстік Кореяның тәжірибесі бойынша озық смарт-технологияларды қолдана отырып, ауданы 330 гектар болатын жерге өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру көзделген.

Alatau City Authority деректері бойынша 51 мың жұмыс орны ашылатын 2 трлн теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Негізгі жобалардың қатарында құны $1 млрд-тан асатын Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, AutoFlight пен Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусын салу жобасы бар. 2026 жылдың соңына дейін токенизациялау бойынша алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін бірыңғай кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Алатау қаласын дамытуға жауапты мемлекеттік орган болатын Alatau City Authority туралы ережені бекітті. Сонымен қатар, жедел комитет, реттеуші комиссия және бас жоспар бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құру туралы шешім қабылданды.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны